Білім күні Орал қаласының барлық білім ордасында өткен мерекелік жиын Назарбаев зияткерлік мектебінде де ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылды. Ұстаздар қауымы, ата-аналар мен шәкірттер бір-бірін мейраммен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тілесті. Облыс әкімі А.Көлгінов те жарқын шараның куәсі болды.

Үш ай тынығып, қайтадан сүйікті алтын ұясына жиналған шәкірттер тың күшпен тағы бір оқу жылын бастады. Биыл Назарбаев зияткерлік мектебінде 510 бала білім алмақ. Осымен бесінші жыл жаңа оқуы жылын бастаған заманауи мектептің игілігін облыс әкімі Алтай Көлгінов те атап өтті.
Биылғы жылдың басты ерекшелігі – білім ордасы халықаралық мектептер кеңесінің мүшесі болды. Өткен оқу жылында озық мектептің 170 түлегі тегістей оқуға түскен. Олардың қатарында отандық әрі шетелдік жетекші білім ұяларының грант иегері атанған шәкірттер бар. Жаңа оқу жылының Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуіне орай бұл күні «Зияткерлердің 25 ізгі ісі» атты ерекше акция бастау алды.
Бұл мектептің тағы бір ерешелігі – мұнда 1-сынып жоқ. Биыл жаңадан қабылданған 7-сынып оқушылары алғаш рет мақтаулы мектептің табалдырығын аттады. Зияткерлік мектептің шәкірті атану оңай емес. Бұл жолы 1 орынға 7 бала таласқан. Сөйтіп 700-дің ішінен 100 оқушы іріктеліп алынған. Солардың ішінде ең жоғары ұпай жинаған Әлихан Сағынгерей бүгін сыныптасымен және облыс әкімімен бірге бірге алғашқы қоңырау соқты.
Салтанатты жиыннан соң меймандар мен оқушылар мектеп ауласына алмаағашы көшеттерін отырғызды. Дәстүрге айналған игі шара биыл да жалғасын тапты.
Бұл күні М.Ықсанов атындағы №36 мектепте де алғашқы қоңырау соғылды. Білім ордасы биыл күрделі жөндеуден өткізілген еді. Толық жаңғыртылған ғимаратта шәкірттердің білім алуларына бар жағдай жасалған. Білім ордасы 595 шәкіртке есігін айқара ашты. Бұдан 20 жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахым Ихсановтың есімі берілген оқу ордасына оның мұражайы да жасақталған.
Бұл мектеп сынақ түрінде 12 жылдық білім беру жүйесі енгізілген еліміздегі 30 пилоттық мектептің бірі.
Жаңа оқу жылында қала бойынша 38 мыңнан астам шәкірт мектеп партасына отырса, соның 5400-дейі - білім ордасының табалдырығын алғаш рет аттағандар.
Бүгінде Орал қаласында 48 мектеп, 94 мектепке дейінгі ұйым, 9 мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері мен 1 кешкі ауысымды жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс жасауда.
Соңғы 5 жыл ішінде мектептер саны 3 бірлікке көбейді. 2013 жылы №37 мектеп, 2014 жылы «Жаңа орда» шағынауданында №46 мектеп ашылса, 2015 жылы «Арман» шағынауданында №47 мектеп өз жұмысын бастады.
Арман Курманалиев