Ақтөбе облысында этнопарк ашылды. Жаңа жоба "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында іске қосылды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Су қоймасының жағасында орналасқан этнопарк аумағында бес киіз үй жабдықталған. Мұнда келушілер табиғат аясында демалып, қазақ халқының мәдениетімен және дәстүрлі тұрмысымен таныса алады.
Этнопаркті Жандос Исин ашқан. Кәсіпкер "Ауыл аманаты" бағдарламасы туралы естігеннен кейін бизнес-жоспар әзірлеп, «Ақтөбе» ӘКК-не жүгінген. Өтінімі мақұлданған соң этнопарк құру жұмыстарына кіріскен. Алғашқы кезеңде ауданы 40 шаршы метр болатын киіз үйі бар шолу алаңы салынды. Уақыт өте келе аумақ кеңейіп, бүгінде мұнда ұлттық нақышта безендірілген бес киіз үй орналасқан.
- Этнопарктің ұлттық келбетін саз балшықтан тұрғызылған саман үйлер мен дәстүрлі тұрмыс элементтері толықтырады. Олар қазақ ауылының атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Киіз үйлердің іші де ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда сандықтар мен қазақтың дәстүрлі тұрмысында қолданылған басқа да бұйымдарды көруге болады. Кәсіпкер олардың көпшілігін түрлі елді мекендердің тұрғындарынан жинаған. Ол интерьердің әрбір бөлшегі арқылы қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігі мен рухын жеткізуге тырысқан. Сонымен қатар ұлттық нақыш заманауи қолайлылықтармен үйлесім тапқан. Киіз үйлерге жылы еден жүйесі мен кондиционерлер орнатылған. Бұл келушілерді жылдың әр мезгілінде қабылдауға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.