Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында жаңа вокзалдың ғимараты пайдалануға берілді. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады. Жаңа ғимарат ескі вокзалдың орнына бой түзеді. Бұрынғы ғимарат 1970 жылы салынған. Оның ауданы небары 211 шаршы метрді құрапты. Жаңа нысан 846 шаршы метрді құрайды. Вокзалдың құрылысы «Исткомтранс» көлік-логистикалық компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Министрлік жаңа вокзалдың құны 500 миллион теңгеден асып жығылады деп хабарлады.
— Жаңа ғимаратта жолаушыларға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, күту залдары, билет кассалары, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камерасы және санитарлық бөлмелер бар. Сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Кешенде олардың қажеттіліктеріне сай жағдай жасалған.Вокзалдың іргелес аумағы да абаттандырылды. Мұнда перрон жабдықталып, автотұрақ қарастырылған, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылған, – деп хабарлады Көлік министрлігі.