Батыс Қазақстан облысында 304 адам қызылшамен сырқаттаныпты. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлдана Кереева мәлімдеді. Ол қызылшамен науқастанған жандардың 90 пайызы тиісті екпе алмағанында айтты. 274 адам қызылшаға қарсы екпе салдырмай, ауырып қалыпты.Өңірде қазан мен қарашада қызылшаны жұқтырған бір адам тіркелген. Сала мамандары өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп хабарлады.
Сырқаттанған науқастардың басым көпшілігі Орал қаласының тұрғындары екен. Облыста 252 сәбидің қызылшаны жұқтырғаны анықталды. Науқастардың дені 1-4 жас аралығында екен.
-Қазіргі уақытта облыста қызылша бойынша санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, аурушаңдықтың төмендеу үрдісі байқалуда. Қол жеткізілген оң динамиканы сақтау мақсатында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жалғасуда.Тұрғындарды балалардың екпелерін уақытылы алуына және қызылшаға қарсы вакцинацияға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлдана Кереева.
Қазіргі таңда қанша адам қызылшамен сырқаттанып, аурухана кереуетіне таңылғаны мен олардың жағдайы жайлы білмек мақсатта редакциямыз Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдады. Жауапты басқармадан қызылшаға қарсы қанша адам екпе салдырғаны, оған қанша адам қаражат жұмсалғаны туралы да сұрадық. Басқарманың ресми жауабын міндетті түрде жариялаймыз.
Қызылша - ауа-тамшы жолы арқылы таралатын, жұқпалылығы өте жоғары вирустық инфекциялық ауру. Ауру әсіресе балалар арасында жиі кездескенімен, қызылшаға қарсы екпе алмаған ересектер де жұқтыруы мүмкін. Инфекция ауыр асқынуларға, соның ішінде өкпенің қабынуына, ортаңғы құлақтың қабынуына және мидың зақымдануына әкелуі ықтимал.
Қызылшаның негізгі белгілері:
- Дене қызуының көтерілуі;
- Әлсіздік, бас ауруы;
- Мұрыннан су ағу, жөтел;
- Көздің қызаруы, жарыққа сезімталдық;
- Ауыз қуысының шырышты қабатында ақшыл дақтардың пайда болуы;
- Беттен басталып, кейін бүкіл денеге таралатын бөртпе.
Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделуге болмайды. Дереу медициналық көмекке жүгініп, емханаға барар алдында дәрігерге телефон арқылы хабарлау қажет.
Облыстық санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің мамандары қызылшадан қорғанудың тиімді жолы вакцина егу екенін айтады.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация балаларға 12 айында және 6 жасында жүргізіледі. Егер бала қандай да бір себеппен екпеден қалып қойса, ата-аналар тіркелген емханасына хабарласып, вакцинациялау мәселесін шешуі қажет, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Күні бүгінге дейін өңірімізде бір жастағы 8 325 сәби мен алты жастағы 9 747 бала қызылшаға қарсы екпе алған.