Республика күні қарсаңында Тасқала ауданында жалғыз үйі апатты деп танылған жандар баспаналы болды. Мереке қарсаңында 26 тұрғын қоныс тойын тойлайды.Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аудан тұрғындарына пәтер кілтін аймақ басшысының орынбасары Мирас Мүлкәй табыстады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер жүктеді. Соның бірі — ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысын жандандыру. Биылдан бастап жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамтуға ерекше назар аударылды. Осы санаттағы отбасыларға Орал қаласын айтпағанда, Жаңақала, Сырым аудандарында жаңа пәтерлер берілді. Бұл жұмыс жалғасады. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, бақ-берекелі болғай!, - деді Мирас Мүлкәй.
Бүгінгі таңда Тасқала ауданында жалғыз үйі апатты деп танылған 33 адам пәтер кезегінде тұр. Олардың 79 пайызы көпқабатты тұрғын үйге орналасқан. Тұрғын үйдің ауласы абаттандарылған, балалар ойнайтын алаң да бар. Тіпті баспананың айналасы да көгалдандырылыпты.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі: «Соңғы үш жылда өңірде жеті мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Оның 40 пайызы ауылдық елді мекендерде бой көтерді»,- деп хабарлады.