БҚО-да "Бір ауыл– бір өнім" атты бағдарлама іске асуда. Мемлекеттік бағдарлама 2024 жылы іске қосылған. Бірақ өңірде бағдарлама пилоттық режимде жүзеге асып, 2022 жылы бастауын алған. Ең алғаш батысқазақстандық кәсіпкерлер аймақта өндірілетін шикізат көзін бизнеске айналдыра бастады. Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылының тұрғындары киіз басып, киізден экологиялық таза аяқ киімдерді басуды бастады. Қазіргі таңда бұл кәсіптің иесі біліктілігін арттырып, өнімнің де сапасын арттырып келеді.
Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары жыл санап «Бір ауыл, бір өнім» бағдарламасына қатысып, бизнес субьектілерінің саны артып келе жатырғанын айтады.
- Ең алғаш "Бір ауыл– бір өнім" бағдарламасы Жапонияда басталған. Қазіргі таңда осы бағдарлама әлемнің 30 мемлекетінде жүзеге асып келеді. 2022 жылы Қазақстанның бес өңірінде осы жоба пилоттық режимде сынықтан өтті. 2026 жылы Батыс Қазақстан облысында 92 адам кәсіпкерлігін бастаймын деген жандарға қолдау көрсеттік. Арнайы көрмеге 38 қатысып, өздерінің бұйымдарын әкелді. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысқан жандардың арасында он финалист анықталды. Олардың басым бағыттары ет өнімі, оның ішінде жартылай фабрикат өнімдері, сүт өнімдері, жүннен тоқыма жасайтын финалистер анықталды, - дейді Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Асхат Тойшыбаев.
Осы бағдарламаға қатысқан жандардың бірі - Нұргүл Сисенова. Ол қазақтың ұлттық өнерін дәріптеумен айналысады. Қолөнер шебері тіпті Қазақстанның рекордтар кітабына енген екен. Нұргүл апай қазір күрмебау жасаумен шұғылданады. Оңтүстік тумасы "Орал өңірінде мұндай қолөнерді дәріптеп жүрген жандар жоқтың қасы", деп айтады. Ол жастайынан өнерге әуес болып, күрмебау тоқуды әжесінен үйренген.
- Мен газ құбыры саласында 35 жыл еңбек еттім. Зейнетке шығып, төрт жылдай немере бағып, бала-шағама көмектесіп жүрдім. Осы жылдары қандай іспен шұғылдансам болады деп ойланып жүрдім. Сөйтіп жүргенде бала кезде үйренген алаша тоқып, оны неге істемеске деген ой келді. Мен қазіргі Түркістан облысы, Сарығаш ауданында туып өстім. Бала кезімде каникул сайын әжеме көмектесіп, күреуді байлауды үйрендік. Әжем үш қазық қазып, соның жібін айналдырып, жүгіріп жүреміз, - деп бала кезінен үйренген өнерін еске алады қас шебер Нұргүл Сисенова.
Қазіргі таңда күрмебауға деген сұраныс көп. Дизайнерлер де тапсырыс беріп, киіз үй тігетін жандардан да сұраныс көбейген. Бір туындыны жасау үшін шебер біраз уақытын сарп етеді. Сапалы күрмебауды жасау үшін оған шикізат та тәуір болуы керек. Ол жүнін ұршыққа үйіріп, оны түрлі түске бояп, кейін арнайы құрылғының көмегімен күрмебау жасайды.
Күрмебауды кейде кермебауды деп те атайды. Оны киіз үйді сүйегін бір-бірімен берік орнықтыру үшін қолданады. Кермебаумен қаңбаны бекітеді, киіз үйдің теңселуінен қорғайды.

Шебер қолөнерге қызыққан жастарға түрлі шеберлік сағатын жасап, үйретуден жалықпайды. Ұлттық мұраны жастардың бойына сіңіруді көздейді. Ол:"Өзім секілді бес шебер күрмебау, алаша тоқуды үйретсем арманым жоқ", дейді. Ол түрлі бағдарламаға қатысып, мемлекет қолдауын алу үшін біраз тер төгіп жүр. Шебер жаңадан күрмебау тоқитын білдек жасатқысы келеді. Жаңа білдек алаша тоқуға да жол ашпақ.
"Бір ауыл– бір өнім" қатысқысы келетін жандар әр аудан орталығында жұмыс істейтін кәсіпкерлер палатасына жолығып, ақпаратқа қанық бола алады. Және облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері жыл сайын ауыл-аймақты аралап, шикізатты ауылдан алып, кәсіпке айналдырғысы келетін жандармен кездесіп, оларға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтады екен.