• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Қазақстандықтарды сапасыз дәріден қалай қорғайды?

2027 жылдан бастап дәрілік заттардың қауіпсіздігін күшейтпек.
Қазақстандықтарды сапасыз дәріден қалай қорғайды?
Сурет "ЖИ"(gemini) көмегімен жасалды

Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың сапасын тексеру тәртібі түбегейлі өзгереді. Енді бақылаушы органдар дәріханалар мен фармацевтикалық компанияларды ескертусіз тексеріп, күмәнді препараттарды айналымнан бірден алып тастай алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жаңа ережелер сапасыз әрі қауіпті өнімдердің елге таралуына жол бермейді.

Ескертусіз тексеріс және қатаң бақылау

2027 жылдың бірінші қаңтарынан бастап инспекторлар дәріханалар мен қоймалардан өнім үлгілерін алдын ала хабарламай-ақ тексеруге ала бастайды. Егер ереже бұзылғаны анықталса, компанияның қызметі мен оның тіркеу куәлігі уақытша тоқтатылады.

Бұл қадам бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, науқастардың денсаулығына төнетін қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.

Сирек кездесетін ауруларға арналған дәрілер тез жетеді

Өзгерістер тек бақылаумен шектелмейді. 2026 жылдан бастап мемлекет өндірушінің өтінішін күтпей-ақ, қажетті дәрілерді өзі тіркеуге құқылы болады.

Қазірдің өзінде Бірыңғай дистрибьютор сатып алған 112-ден астам препаратты тіркеу жұмыстары басталды. Нәтижесінде ауыр және сирек кездесетін дертке шалдыққан пациенттер бұған дейін тапшы болған емдік заттарға оңай қол жеткізеді.

Жанама әсерлер онлайн бақыланады

Сонымен қатар елімізде фармацевтикалық қадағалау толық цифрланды. Енді дәрі-дәрмектің немесе вакцинаның жанама әсері туралы шағымдар арнайы цифрлық жүйе арқылы жиналады.

Бұл жүйе отандық медициналық базалармен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық дерекқорымен біріктірілген. Бұл қауіпті тез арада талдап, науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мұрындық болады.