Өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, аймақаралық ынтымақтастықты нығайту, түрлі салада бірлескен кәсіпорындар құру.

Оралда ашылған ІV «WestKazInvest-2017» Халықаралық инвестициялық форумы осындай мақсатты көздейді. Айтулы жиын аясында, алдымен, «Қазақстан-Ресей: өңірлердің шекаралық серіктестігі» атты тауар өндірушілердің көрмесі көпшілікке таныстырылды.
Көрмеде 100-ден аса кәсіпорын өз өнімі мен қызмет түрін ұсынды. Оның 50-ден астамы ресейлік тауар өндірушілер. Келушілерге бар жақсысын ұсыну үшін жергілікті кәсіпорындар да аянып қалмады. Мәселен, қуат үнемдейтін есік-терезелер көпшіліктің қызуғышылығын тудырды. Бұл - осындай халықаралық инвестициялық жиындардың нәтижесінде жүзеге асқан жоба. Финдік технология негізінде жасалған бұйымның сапасы жоғары.
- Финдік терезелер беріктігімен ерекшеленеді. Бірнеше қабаттан тұрады. Қарағайдан жасалған. Финдермен біріккен кәсіпорын құрып, алғашқы өнімді шығардық. Енді толық қуаттылыққа көшіп, нарыққа шығуға дайынбыз. Бұл өнімге тек жергілікті жерде емес, Ресейде де сұраныс жоғары, - дейді «GF Lammin» ЖШС өндіріс басшысы Рустам ХАДЫРБЕРГЕНОВ.
Отандық кәсіпкерлер бұл шараның бизнес көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер ашуға септігі мол екеніне сенеді. Айтулы жиынға өңір аудандарынан да түрлі кәсіпорындар ат арытып келіпті.
Өңірдің инвестициялық әлеуеті мен қолайлы бизнес-климат шетелдік кәсіпорындардың қызығушылығын арттырып келеді. Мұндай форумдар, ең алдымен, кәсіпкерлердің диалог алаңына айналады.
- Тек өткен жылы біздің облыстың Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 500 млн. долларды құраған. Бұл қарқынды бәсеңдетпеу керек. Бұл үлкен нарық. Бизнесті дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер. Сондықтан қош келдіңіздер! Формуның ашылуымен құттықтаймын, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.
Көрмеде ресейлік кәсіпорындардың құрылыс, машинажасау өнімдерімен қатар, ет, сүт, азық-түлік тауарларының мол таңдауы қойылды. Медициналық, агроөнеркәсіптік жабдықтар да бар. Кәдесыйлардың арасынан, әсіресе, әйгілі Орынбордың түбіт орамалы ерекше көз тартады.
Батысқазақстандық кәсіпорындар да қалыс қалмады. Ас-судан бастап, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар, жетекші инновациялық жобалар да ұсынып отыр. Солардың бірі елімізді тұңғыш рет шығарылған Евро 5 бензині. Кәсіпорын енді келесі жылдың алғашқы тоқсанында Еуро-5 дизель отынын шығаруды жоспарлап отыр.
Өңірде ндустриалды аймақтың жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Шетелдік, соның ішінде ресейлік компаниялар серіктестікке мүдделі. Аймақ бір-екі жылдан кейін Теректі ауданы Пойма ауылының тұсында ашылмақ.
Көршілерді «Кублейдің» қалбырдағы өнімдері де таңғалдырды.
Қоңсылас қос өңір арасындағы экономикалық, мәдени байланыс мығым. Ал «екі ел арасындағы 2 мың шақырым шекара достық шекарасына айналды» деді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг.
- Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста өңірлер арасында біз алдыңғы қатардамыз. Әрине, бұған бұрыннан келе жатқан серіктестік сеп. Соның ішінде Қарашығанақ кен орнын игеруде біргеміз. Басқа да кешенді салалар бар. Бүгін, мысалы, мен көптеген жаңа жобаларды көрдім. Біздің жастарымыз үнемі араласады. 20 жылдан астам «Жайық-Урал» экспедициясын бірге өткізіп келеміз. Алда да үлкен жұмыстар күтіп тұр бізді. Әріптестігіміз нығая бермек, - деді тілшілерге берген сұхбатында губернатор.
Әр кәсіпорын өз әлеуетінің әлдігін танытып, бәсекеге қабілетті өнім ұсынған көрмеден соң форум жұмысы пленарлық жиынмен жалғасты.
Арман КУРМАНАЛИЕВ