Оралда қоғамдық кеңесте кәріз құдығының толып қалуынан зардап шегіп жүргендер мәселені жайып салды. Үш жылдан бері Құрманғалиев, 3 мекенжайының тұрғындары қолқаны қабатын иіс пен кәріз құдығынан көшеге таралған судан зардап шегіп келеді. Кәріз су өсімдік атаулыны улап жатыр. Кәріз құдығы Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі. Көпқабатты үй осыдан бірнеше жыл бұрын салынған. Осы баспананың тұрғыны әрі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Хәкім Меңдібай кәріз суының құдығы таза ауыз судың құбырына жетіп қалды. Ластанған судан эпидемия таралуы мүмкін деп дабыл қақты.
- Орал қаласының әкімдігі кәріз жүйесін тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөліміне берді. Үш жылдан бері кәріз суы көшеге жайылып жатыр. Соның кесірінен алты ағаш қурап қалды. Кәріз суы таза ауыз судың құдығына жетті. Эпидемия таралып, тұрғындар зардап шегуі мүмкін. Сіз үнемі қаражат жоқ екенін айтасыз. Ақша болмаса да, суды сорып алуға болмай ма?! Тіпті қыста көшеде су жайылып жатады, - дейді Хәкім Меңдібай.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берген Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллин Құрманғалиев, 3 мекенжайында орналасқан үйдің кәріз жүйесін алмастыру керек деп мәлімдеді. Алмастыру үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталыпты. Оның құны 37 миллион теңгені құрайды.
- Құрманғалиев көшесінің мәселесі жайлы бәрі біледі. Онда кәріз жүйесін толық ауыстыру керек. Біздер аптасына 2-3 рет тазалатамыз. Кәріз құдығы күн сайын бітеліп қалады. Мен ол жерге бірнеше мәрте бардым. Экология департаменті, сэс-пен (санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаменті-ред.автор) бірге бардық. Бізге сол үшін бірнеше мәрте айыппұл салынды. (...) Кәріз жүйесін ауыстырғасын, біздер оны "Батыс су арнасы" мекемесінің теңгеріміне береміз. Осы мәселені қала әкімінің орынбасары Жандос Асхатұлының алдында көтердік. Бізге "Батыс су арнасы" мекемесі техникасымен көмектеседі. Біздер бұл жұмысты монтаждау жұмыстары аясында атқарамыз. Осы жұмыстың аясында біздер қажетті материалдарды сатып алып, «Батыс су арнасы» мекемесімен бірге орындаймыз. Жыл соңына дейін осы сауалды шешеміз деп ойламын, - дейді Асылжан Хайруллин.