Орал қаласында 1500 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды. Білім ошағы "Жұлдыз" шағын ауданында бой түземек. Оқу ордасын "Болашақ-Т" компаниясы салады. Құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтың таратқан ақпарына сүйенсек, құрылыс өткен аптада басталған. Оның құны 9,5 миллиард теңгені құрайды.
Қазіргі таңда жұмысшылар топырақтың өсімдік қабатын қиып, ғимарат салынатын орында өтіп жатқан су құбырын өзге жерде ауыстырмақ. Кейін ғимараттың іргетасын қалауға кіріседі екен.
Жоба бойынша жаңа мектептің жалпы ауданы жеті мың шаршы метрді құрайды. Ғимарат үш қабатты және жертөлесі де болмақ. Білім ордасында спорт залдар, 324 орынға арналған Мәжіліс залы мен оқу кабинеттерімен жабдықталады екен.
Құрылыс басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, ғимарат замануи стильде салынады. Ғимарат үш блоктан, бастауыш буынға арналған оң қанат, негізгі және жоғары буынға арналған сол қанат және жалпы мектептік үй-жайлар орналасқан орталық блоктан тұрады. Бастауыш сыныптың оқушыларына арналған екі спортзал қарастырылған.
Жаңа мектепте оқушылардың шеберлігін шыңдайтын шеберханалар болмақ. Бұдан өзге, арнайы медициналық блок та салынбақ. Балаларды тамақтандыру үшін асхана да жұмыс істейді екен. Ғимараттың үшінші қабатында кітапхана мен коворкинг орталығы да бой түземек. 3-қабаттың орталық бөлігінде кітапханаға жақын жерде тыныш коворкинг аймағы орналасады екен.