Батыс Қазақстан облысында цемент зауыты салынуы мүмкін. Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Қытай Халық Республикасының Jiangxi Provincial Building Materials Group және SINOMA-CDI компанияларының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қос тарап Тасқала ауданында өндіріс ошағының құрылысы жайлы талқылады.
Зауыт құрылысының жалпы құны 70,2 миллиард теңгені құрамақ. Егер кәсіпорын бой түзесе жылына бір миллион тонна цемент өндіреді деген жоспар бар. Жоба сәтті жүзеге асса, 300 адамды жұмыспен қамтылады.
Жиында қос тарап өндіріс орнына қажетті инфрақұрылымды қамту мен құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде жүргізу мәселесін талқылады.
—Аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және шетелдік инвестиция тарту өңір экономикасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты басқармаларға инвесторлармен бірлескен жұмысты жандандырып, жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешуді тапсырды,– деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы.