Орал қаласында бірнеше жылдан бері көпқабатты тұрғын үйлерге сәулелік жарықтандыру орнатылуда. Қала әкімдігінің таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл 19 көпқабатты баспана мен Тұңғыш президент алаңында орналасқан бір арка жарықтандырылыпты. Ғимараттардың сәулелік жарығы қала шамдарымен бірге қосылады. Бұл үшін бюджеттен 99,89 миллион теңге жұмсалған. Жобаны «Led_real» ЖШС іске асырыпты.
Шаһар әкімдігі сәулелік жарықтандыру жұмыстарын былай деп түсіндіреді:
— Орал қаласының сәулеттік келбетін жақсарту, қоғамдық кеңістіктердің эстетикалық тартымдылығын арттыру және қаланың түнгі көрінісін жаңғырту бағытында көпқабатты тұрғын үйлерге сәулеттік жарықтандыру орнату жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстар қаланың сыртқы келбетін заманауи талаптарға сай қалыптастыруға, көшелер мен тұрғын аудандардың көрікті болуына және қалалық ортаның үйлесімділігін арттыруға бағытталған, – деп хабарлады Орал қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.