Мүгедектерді толғантқан мәселе көп. Облыстық мүгедектер қоғамында солардың ең бастылары талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Басқосуда қалалық филиалдың 9 айда атқарылған жұмысының есебі тыңдалды. Қазір қазан айында басталатын қайырымдылық айлығына даярлық жұмыстары қолға алынған.

Иллюстративное фото из архива "МГ"
Алда келе жатқан қайырымдылық айлығына орай көмекке мұқтаж жандардың тізімі жасалуда. Сәуірде Зачаган кентінде мүгедектерге арналған спорт клубы ашылған еді. Бірақ ол жерге қатынау, клубтың жұмысын ұйымдастыру мен спорттық құрал-жабдықтармен қамтуда шешілмеген мәселелер бар. Жақында облыстық мүгедектер қоғамына 5 инватакси көлігі берілген. Жалпы қалада 20 шақты осындай көлік мүмкіндігі шектеулі жандардың оқуға, жұмысқа, әр түрлі мекемелерге тегін әрі қиналмай жетуіне мүмкіндік береді. Өткен жылы 11 мың мүгедек инватаксиді пайдаланса, биылдың өзінде 9 мыңдай адам бұл қызметтің игілігін көрген. Бүгінде бұл қызметке мұқтаж жандардың тізімі қайта нақтылануда. Жалпы қоғамдық ұйымға күніне 10-15 адам келеді екен. Олардың көбі оқып, мамандық алғысы, не несие алып, кәсіп ашқысы келеді. Алайда бұл бағытта біраз іркіліс бар. Жұмыспен қамтуда да шешімін күткен мәселе көп. Жәрмеңкелер ұйымдастырылғанымен, мамандығың жоқ деп мүгедектерді жұмысқа алмайды дейді қоғам мүшелері. Қазір тек 3-ші топтағы мүгедек жандар ғана емес, І, ІІ топтағылар да еңбек еткісі келеді. Өкінішке орай заңмен белгіленген 3 пайыздық квотаны енгізу талабы орындалмай келеді дейді төраға.
- Бүгінде бізде 89 адам жұмысқа орналасқан екен. Оның үстінде қосымша уақытша қоғамдық жұмыстарға алған адамдарды есептемегенде. Негізі заңда көрсетілген мекемелерде 3 пайыздық квота бойынша жұмысқа орналастыру талабы орындалмай келеді. Мұны алдағы уақытта біз жұмыс берушілерден талап ететін боламыз. Басқа көзқарас керек, - дейді
Батыс Қазақстан облысының мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан ҚОЖЖАНОВ.
Инватакси қызметі мүмкіндігі шектеулі арбада отыратын жандарға мүгедектің жұмыс орны, оқитын орны, уәкілетті және орындаушы органдар, сот, прокуратура және де әлеуметтік салалар объектілері, әділет басқармасы, нотариус, медициналық мекемелер, темір жол вокзалы, автовокзал, сондай- ақ, арнайы мемлекеттік қызмет көрсететін ме- кемелер бағыттары бойынша қызметін ұсынуда. Қазіргі таңда жұмыс жолға қойылды.
Мүгедек жандардың атаған бағыттары бойынша арнайы жол парағы толтырылып, инватакси қызметін пайдаланғаны жайында дәлелдеме ретінде қол қояды. Осы қызмет арқылы жұмыссыз жастарымыз да жұмыспен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, инватакси қызметінің жауапты жетекшісі, диспетчері және автокөлік жүргізушісі қызмет етеді. Үкіметіміздің мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлығының бір парасы осындай. Олар қай кезде, қай жаққа барамын десе де көлігі дайын.
Арман Курманалиев