Биыл батысқазақстандық мектеп оқушыларының 95 пайызы ыстық тамақпен қамтылады. Өңірде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүздеген шақырым жол жөнделіп, баспаналар салынуда.

Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет нысандарының құрылысы да уақтылы тапсырылыуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың орындалауы жөніндегі депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелеріне берген есебінде айтылды.
Облыс әкімі 7 айдағы жұмысты түйіндеді. «Атқарылған қарекеттің барлығы Президент жолдауынан, ондағы тапсырған міндеттерден туындайды» деді өңір басшысы. Елбасы тапсырмалары төрт бағытқа жіктеліп, жүйелі орындалмақ. Біріншіден, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін әлеуметтік салада құрылыс қарқын алды.
- «Нұрлы Жол», «Нұрлы Жер» президенттік бағдарламалар мен мемлекеттік бюджет аясында әлеуметтік инфрақұрылымдарда кешенді құрылыс жұмыстары жүруде. Биыл білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет барлығы 46 нысан жаңартылуда. Бұл әлеуметтік нысандардың көбісі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Денсаулық сақтау саласының 19 нысаны күрделі жөнделуде. Сонымен қатар, 10 білім беру ошағының құрылысы жүруде. Оның 8-і – Деркөл, Зашаған, Дариян, Казталовка, Шабдаржап елді мекендерімен қатар Ақсай және Орал қалаларындағы орта мектептер. Биыл 3 мектеп пен 1 мектеп интернатын пайдалануға беру жоспарланған. Ал Ақсай қаласындағы балабақша балалар игілігіне берілді, - деді есеп берген
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.
Жолдың - экономиканың күре тамыры екенін айтудан талмай келе жатқан Президент бұл бағыттағы көрсеткішті жаңарту туралы барлық әкімге тапсырма бергені мәлім. Биыл біздің өңірде былтырғыдан гөрі екі есе көп жол жөнделеді екен. 500 шақырым.
- Биыл «Нұрлы жол» бойынша Саратовқа дейінгі тасжолдың көп бөлігін аяқтаймыз. Ал қалғаны, яғни 18 ш/м келесі жылға қалады. Бұған қоса республикалық 4 жолда жұмыс жалғасуда. Биыл Жалпақтал тасжолында 12,6 ш/м, Жәнібек жолында - 9,4 ш/м, Атырау тасжолында - 81 ш/м, Самара жолында 52 ш/м, яғни барлығы 155 ш/м қалпына келтірілуде. Және 7 млрд теңгеге облыстық, аудандық маңыздағы 127 ш/м жол жөнделіп жатыр. Бұл сапалы жолдардың үлесін 30%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Оған қоса, қалалар мен ауылдарда 140 ш/мдай ішкі жол жөнделуде, - деді Алтай КӨЛГІНОВ.
Тұрғын үй құрылысында да қарқын бар. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 78 мың шаршы метр жаңа баспана салынуда. Жалпы өңірде 10 көп қабатты және аудандарда 183 бір-екі пәтерлі тұрғын үйдің кірпіші қалануда. Нәтижесінде жыл соңына дейін 1600 отбасы қоныстой тойламақ.
Биыл 55 ауылға таза ауыз су қосылады. Бұл дегеніңіз, 65 мың тұрғын сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді деген сөз. Ал 8 ауданда газ құбырын өткізу жұмысы жалғасуда. Осы жерде әкім «Жайық жылу қуаттың» берешекті өтеу мәселесіне тоқталып өтті.
- Өткен жылы «Жылу қуат орталығының» газ үшін «ҚазТрансГаз Аймаққа» қарызы 1 млрд. теңге болды. Біз оны 97 млн. теңгеге дейін түсірдік. Оны да шешеміз. Бірақ енді тұрғындардың қарызы мәселесі қалды. Бірақ бұл жұмыс тек түсіндіру арқылы және заң талаптарымен шешілуі тиіс. Төлемдерін уақытылы төлейтін басқа тұрғындар борышкер көршісі үшін зардап шекпеуі керек! Жылдар бойы төлемеген адамдар бар. Қала әкімі, коммуналдық қызмет өкілдері солармен жұмысты күшейтсін. Бұған, депутаттар, сіздер де атсалысуларыңызды өтінемін, - деді облыс басшысы.
Арман КУРМАНГАЛИЕВ