18 мың жаңа жұмыс орны ашылады
Өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Оның орындалуына облысқа 3,5 миллиардтан астам теңге қаражат бөлінген. Бағдарлама аясында жыл сайын 800 жас тегін кәсіби білім ала алады. 18 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыста жұмыспен қамту саласындағы Президент тапсырмасы орындалуда? Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов баяндады.
Жаңа бағдарлама нақты еңбек нарығының сұранысын өтеуді көздейді. Бірінші бағыт бойынша биыл 800 жасты тегін оқыту жоспарланған. Және де 677 адам қысқа мерзімді білім алу құқығына ие.
- Бұл бағдарламаға 9-сынып пен 11-сынып бітірген балалар қатыса алады. 29 жасқа дейінгі және жұмыссыз жүрген азаматтардың барлығы осындай мүмкіндікке ие бола алады. Елбасының тегін кәсіптік білім беру жөніндегі тапсырмасы бойынша қандай мамандықтар еңбек нарығына қажет екенін қазір әрбір аудан, қала міндетті түрде сараптама жасап отыр. Осы сұраныс бойынша сол азаматтардың барлығын маман ретінде дайындаймыз, - дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.
Ал екінші бағыт - жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында өз ісін ашқысы келетіндерге қолдау көрсетіледі. «Бизнес бастаулар» бойынша тегін оқытылады. 5-7 жылға 6 % мөлшерінде несие беріледі. Бағдарламаның үшінші бағыты еңбек нырығын дамытуға бағытталған.
- Бүгінде біз 7-8 мың адамды жоспарлап отырмыз жұмысқа тартуға. Бастапқы 5 айда соның 2 мыңнан астам адам жұмысқа орналасып отыр. Оның ішінде әлеуметтік жұмысқа орналасқандары бар, «Жастар практикасына» жолданғандары бар. Және ақылы қоғамдық жұмыстарға да 6 мыңдай адамды тартуға жоспарлап отырмыз.
Меморандумға сай биыл 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Ал облыс халқын жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша 17035 адам қызмет табады. Бүгінде 3634 адам түрлі еңбек шараларымен қамтылған.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де өзекті. Бұл бағытта әлеуметтік желілерде жаңа жобалар қолға алынған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жағдайы да назарда. Мәселен, «Өрлеу» жобасы биыл 9 ауданда іске асады. Бұл атаулы көмек алушылардың санын азайтуға сеп болған.
- 2016 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2015 жылмен салыстырғанда 149 отбасына, яғн 685 адамға азайса, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақасын алушылардың саны бүгінгі күні 238 отбасына және 250 балаға азайған. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті бүгінгі күні 261 отбасы, оның ішінде 1048 адам, ал 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақыны 6045 отбасы, оның ішінде 15 419 бала алып отыр, - дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.
Үкіметтік емес ұйымдар да қоғамдағы өзекті мәселердің шешімін тауып, рухани салт-сананың жаңғыруына үлес қосып келеді. Мәселен, биыл Алаштың 100 жылдығына, Ж.Досмұхамедовтың 130 және Сырым Датұлының 275 жылдық мерейтойларына орай ондаған жоба жоспарланған.
Руслан КУРМАНАЛИЕВ