05 августа 2017

«ASTANA EXPO-2017»: Жайықтың сазды сәлемі

 «Астана ЭКСПО-2017» аясындағы БҚО күндері жұма күні кешкісін думанды Гала-концертпен қорытындыланды. «Ақ ерке - Ақжайық» атты ауқымды кешке құрамында 700-дей мәдениет қызметкері бар өнер ұжымдары қатысты.  Сарыарқаның самалы ескен Астананың мақпал кешінде БҚО күндері аясында өнер ұжымдарының гала-концерті өтіп жатыр. Астана мен қала қонақтарын таңғалдыру үшін осы концерттік бағдарламаның 97 пайызы жергілікті композиторлардың шығармаларынан құрылған. Бұл бүгінгі мерекелік шараның басты ерекшелігі. Ақжайық өнерпаздарының ең ауқымды концерті Еркін Нұрымбетовтің «ЭКСПО-Ақжелең» шығармасымен ашылды. Астана төріндегі әлемдік шараға арнайы жазылған туындыны үш оркестр мен үш би ансамблі қатар орындады. Бұл мерекелік шараның тағы бір ерекшелігі. Бұдан соң Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің төкпе күйі мен батыстың ән мектебінің көрнекті өкілдері Мұхит, Ғарифолланың туындылары кезектесе әдемі өрілді. Сценарийі, режиссурасы әдемі құрылған бағдарламаны астана жұртшылығы да жоғары бағалады. - Концерт өте тамаша өтіп жатыр. Батысқазақстандықтарды құттықтаймыз. Өнердің қай-қай жағынан да кенде емес екен. Ұлттық оркестр де, симфониялық оркестр де ойнап жатыр. Эстрадамен қатар, опера әншілері де өнер көрсетті. Өте ұнады, - дейді Астана қаласының тұрғыны Нәсіп САЙРАНҚЫЗЫ. Оралдық жезтаңдай әншілердің бірде-біреуі атаусыз қалмасы үшін олар жұптасып, топтасып шығып, сахнада өнер көрсетті. Үш оркестр - Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, эстрадалық-симфониялық және орыс халық аспаптар оркестрлерлерінің шеруі де жұртшылықты тәнті етті. Ал ақындар Қадыр Мырза Әлі, Мәлік Бердәлі, Мұнайдар Балмолда, Талант Арғынғали, Асхат Маемировтің сөздеріне жазылған композиторлар Ескендір Хасанғалиев, Донеділ Қажымов, Жаскелең Ғайсағалиев, Ғұбайдолла Хибашев, Ербол Ақбасовтың әндері Жайықтың сазды сәлеміндей қабылданды. Кеш соңына қарай оралдық шоумен Тұрсынбек Қабатов сахнадан көрініп, уытты әзіл-сықағымен көрерменнің көңілін серпілтті. Бұдан соң қазақ эстрадасында өзіндік үні бар Дәурен Сейітжанов «Таңғы қаласымен» ерекше қуат сыйласа, «Кешью» тобы бұл кештің қонағы болды. - Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының күндері өтіп жатқаны – мен үшін зор қуаныш. ЭКСПО-ның алаңында концерт қою – үлкен мәртебе. Шетелден қанша қонақ келіп жатыр, басқа аймақтардан да отандастарымыз осы көрмені көріп, мерейі тасып жатыр. Біздің облыс та көрменің мазмұнды өтуіне үлес қосып жатыр. Бұл үлкен мақтаныш. Оралым өсіп-өркендей берсе екен деп тілеймін, - дейді жерлесеміз, шоумен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек ҚАБАТОВ. Сөйтіп, батыстың өнер жүйріктері Астана аспанын әсем ән мен күмбір күйге бөледі. Сағат жарымға созылған думанды кешке «Атамекен» әнімен әдемі нүкте қойылды. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp