28 августа 2017

Батыс Қазақстан облысының 160 мектеп түлегі жергілікті бюджет есебінен білім гранттарына ие болады

Батыс-Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен мектеп түлектеріне жергілікті бюджеттен білім гранттарын бөлу мәселесі талқыланған кеңес өтті. Жиынға облыс басқармалары мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Алтай Көлгінов білім гранттарын бөлудің маңыздылығын ескере отырып, басқарма басшыларына сұранысқа ие мамандықтар бойынша нақты тізім жасауды тапсырды. Қазіргі таңда медицина, педагогикалық, ауыл шаруашылығы мамандықтарына сұраныс көп, сондай-ақ дінтанушы мамандардың да жетіспейтіндігі байқалады. Осы тұста айта кету керек, облыстық бюджет есебінен бөлінген білім гранттары негізінде оқыған студенттер оқуларын аяқтағаннан кейін Батыс Қазақстан облысына келіп еңбек етулері міндетті. Кеңес қорытындысында облыстық бюджет есебінен 160 мектеп түлегіне білім гранттарын бөлу жөнінде шешім шығарылды. Ал грант иелерін жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырған мектеп түлектерінің арасынан арнайы комиссия анықтайтын болады. - Жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім гранттары бойынша білім алған түлектер болашақта облысымыздағы маман тапшылығын жоюға септігін тігізері анық. Сондықтан білім гранттарын бөлу мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырамын, - деді облыс əкімі Алтай Көлгінов. Естеріңізге сала кетсек, 19 тамыз күні Батыс-Қазақстан облыстық білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру, оқыту бағдарламаларын оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттілігін атап өтті, - дем атап өтті облыс әкімі. - Жаңа оқу жылының өз жоспары болуы заңдылық. Ең бастысы - адами капиталды дамытуда білім берудің құндылықтарын жаңғырту аса маңызды міндет болып отыр. Қазіргідей ақпараттық заманда білімнің құны артып, кез-келген басқа жүйенi басып озатын динамикалық күш екенiн дәлелдеуде. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp