Биыл облысымызда 3748 түлек ҰБТ тапсырады

Биыл облыс бойынша мектептерден 5 192 түлек қанат қақса, соның 72 пайызы ҰБТ тапсырады. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова маңызды білім сынағы туралы баян етті. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өткізілмек. Түлектер 5 пән бойынша емтихан тапсырса, оның үшеуі - міндетті пәндер. Атап айтқанда, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық. Ал қалған екі пәнді түлектер қалаған мамандығына сәйкес таңдайды. - Жалпы, тест 120 сұрақтан тұрады. Берілетін уақыт – 3,5 сағат. Жоғары балл – 140 болса, шекті балл – 50. Дегенмен, кейбір салалық мамандықтар бойынша оқуға қабылдау шегі 60-тан жоғары. Мысалы түлек Ұлттық университетке түсетін болса шекті бал 65 болмақ. Білім беру, ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтарына түсу үшін де кем дегенде 60 балл қажет, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова. Биыл өңірімізде ұлттық бірыңғай тестілеу 20-22 маусым аралығында өткізіледі. Түлектер емтиханды қалаған тілде тапсыра алады. - Тестілеу пункттері Орал қаласы және 7 ауданның орталығында орналасқан. Олар Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе және Сырым аудандары орталығы және М.Өтемісов атындағы БҚМУ пен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ. Егерде белгілі себептермен ҰБТ немесе КТА қатыса алмай қалса, келесу ауысыммен тест тапсыруға мүмкіндік қарастырылған. Ерекше көмекті қажет ететін балалар жеке көмекші және ымдау тілі маманымен қамтамасыз етіледі, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы. ҰБТ-ны ұйымдастыруға қазынадан 7,5 млн. теңге қаражат бөлінген. Барлық пункттерде тест өткізу технологиясы толық, әрі қатаң сақталады. - ҰБТ жергілікті уақытпен сағат 9-да басталады. Онда арнайы комиссия жұмыс істейді. Түлектер тест залына ұялы телефонсыз және басқа да қосымша көмек құралдарысыз кіргізіледі, - дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы ҰТ филиалының басшысы Әлібек Есімов. Облыстық білім басқармасы және қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тестілеу пункттерін және түлектер қонатын және тамақтанатын орындарды алдын ала тексеруден өткізеді. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp