«Аналар музейін ашу керек». Ассамблея жанынан құрылған аналар кеңесінің мүшелері Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлына осындай өтініштерін білдірді. Түрлі этнос пен ұлтты бір шаңырақ астына жинаған облыстық ассамблея мүшелері Достық үйінің төрінде бас қосқан болатын.

Енді облыстағы әлеуметтік саясатты өңір басшысының жаңадан тағайындалған орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жүргізбек. Облыстық ассамблея жұмысы да осы әлеуметтік бағытқа жатады. Сондықтан түрлі ұлт өкілдері Ғабидолла Абдоллаұлымен жақынырақ танысып, келешекке жоспарланған істерімен бөлісті.
- Аналар кеңесінің төрайымы Құрманалина Шалқыма Хайроллақызы облысқа аналар музейін ашу керектігін айтып, өзекті ұсыныс білдірді. Төрайым «Ана» деген аяулы атты қадір тұтып, қастерлей білуде арнайы ескерткіш орнатудың да артық болмасын меңзегендей болды. Мұражайдың ашылуы аналар қауымы үшін зор құрмет болмағы анық, - деп атап өтті Ғабидолла Оспанқұлов.
Бұндай музейді ашу мәселесі қалың көпшікке таңсыз болмауы тиіс. Айта кетейік, әлем елдерінде нәзік жандыларға арналған түрлі музейлер бар екен. Талай ақындар мен композиторлардың, жазушылардың шығармаларына арқау болған әйел қауымы – әдемілік пен нәзіктіктің символы екеніне ешкім дау айтпас. Тек қана көрікті арулар, аналар туралы сыр шертіп, есімдері тарих бетінде мәңгіге қалған қыз-келіншектердің ерлігі немесе әйел қауымының қолынан шыққан шығармашылық туындылар қойылған музейлер бүгінде сан мыңдаған туристер саяхаттап баратын мәдени орынға айналған. Дәл осындай әйел қауымына арналған айрықша музей Қазақстанда да бар.
Жоба жүзеге асырылса, әйел-ананың алдында мың тағзым жасап, бас иетін перзенттер үшін музейдің ашылуы-рухани ыстық орынға айналмақ түрі бар. Бейресми жағдайда өткен емен-жарқын кездесу барысында облыс басшысының орынбаары ассамблея мүшелеріне өз есігінің әрдайым ашық екендігін жеткізіп, жұмыла еңбек етуге шақырды
2013 ждылы Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінде «Ақтұмар» аналар тарихы мұражайы ашылды.
Оқу орнында «Қазақстан мұражайлары» танымдылық бағдарламасы бастау алды. «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық мұражайы өзінің экспозицияларын қазақ халқының Ұлы аналарына арнады
Бүгін, алдағы халықаралық мұражайлар күні қарсаңында Алматыда «Ақтұмар» мұражайы өзінің есігін айқара ашты. Бұл шараға музыкалық аспаптарды зерттеуші, этнолог Зәбира Жәкіш шақырылды.
Әсіресе «Аналар ұлағаты - елге аманат» деп аталатын бөлімдегі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан даңқты әйелдер туралы экспозициялар келушілердің назарын аударуда. Халқымыздың ардақты әйелдері - Ұмай ана, сақ патшайымы Тұмар ханым, елге тұтқа, ақылшы бола білген Әбілхайырдың әйелі - Бопай, Уәлиханның әйелі - Айғаным, Жәңгірдің әйелі - Фатима және басқалары туралы мәліметтер аса құнды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ