Көшелерді жасыл желекпен көмкеруге қала жұртшылығы жан жақты үлес қосуда. Көшеттерін дайындап, күректерін сайлаған жұрт маңызды іске ерте кірісті. Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жетекшілік еткен еріктілер тобы еңбек ардагерлері, партия және Үкіметтік емес ұйым өкілдері, депутаттар мен жастардан тұрды. Олар жаңа алаңның айласына барлығы 150 түп ағаш отырғызды. Негізінен шырша мен мамыргүл.

Алтын күздің әдемі күнінде қалалықтар жаңа шағынауданымызды, соның ішінде жаңа алаңды көркейтуге үлес қосып жатырмыз. Басты мақсатымыз шаһарымыздың шырайын арттырып, сәндендіру.
Аға ұрпақтың өнегесін жалғастыруға дайын екендіктерін жастар да көрсетуге күш салды. Олар ересектермен бірге игі шараға белсене қатысып, шаһардың ажарын айшықтауға үлес қосты.
Бүгін жасотандықтар да игі шараға үлес қосып жатыр. Аға-апаларымызбен бірге шырша ағаштарын отырғыздық. Алдағы уақытта осы жасыл желек жайқалып өсіп, қаланың көркін арттырады деген ойдамыз. Осындай ізгі істерден қалыс қалмай, әрқашан белсене қатысуға дайынбыз дейді, - Жас саясаткерлер мектебінің оқушысы Динара Диали.
Күзгі маусымда қала аумағына 9 мың түп көшет отырғызу көзделген. Оның ішінде шыршамен қатар шетен, көк терек, қарағай сияқты ағаштар бар. Көгалдандыру ісімен қаланың барша аумағы қамтылмақ.
Жоспарда бірінші кезекте Мәскеу көшесі тұр. Әбілхайыр хан және Еуразия даңғылдарын бойлай да жасыл желек отырығызылады. Сондай ақ Зашаған кентіндегі Мөңкеұлы көшесі де көгалдандырылады. Әрине көшеттер егілетін көшелер көп, сондай ақ алаңдар мен саябақтар да бұл іспен қамтылады дейді, - қалалық ТҮКШ бөлімі абаттандыру секторының меңгерушісі Роман Жумиев.
Осылайша тал-теректер отырғызуға қала тұрғындары бір кісідей жұмылды. Ендігі міндет жасыл желекті күтіп-баптап, жайқалып өсіп кетуіне үн қосу.
Естеріңізге сала кетсек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Орал қаласында жаңа алаңның құрылысы аяқталды. Құрылыстың жалпы құны – 1 млрд. 483 млн. теңге.Жаңа алаң құрылысы 2014 жылдың көктемінде басталған еді. Көркі көз тартатын атшаптырымдай аумақ үш бөлікке бөлінген. Бірінші, ойын-сауық аумағында Қадыр Мырза Әлі орталығы, Салтанат сарайы, Достық үй ғимараттары бар. Екінші, орталық-әкімшілік бөлігінде мемлекеттік, мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылады. Ал үшінші демалыс, саябақ аумағында 4 ротонда, шеңбер тәріздес субұрқақ бой көтерген. Алаңның ең басты көркі – субұрқақ. Мұнда бір емес, қатарынан 7 фонтан бар. Солардың ішіндегі бірегейі – каскадты субұрқақтар. Тың жобаның ұзындығы 335 метр. Аумағы 4700 шаршы метр.
Арман КУРМАНАЛИЕВ