Облыс әкімдігі «Эйр Астана» және КПО компаниялары арасындағы үш жақты келісім негізінде, Орал мен Франкфурт арасында әуе қатынасы ашылды.

Әр сәрсенбі сайын іске асатын рейс, Батыс Қазақстан мен Батыс Еуропаны тікелей байланыстырады. Бүгін, алғашқы жолаушылардың аттануына орай, әуежайда салтанатты жиын өткізілді.
Анталия, Мәскеу, енді міне Франкфурт. Бұл, Еуропаға ашылған терезе іспетті маңызы зор бағыт. Өйткені Франкфурт – ірі халықаралық транзиттік торап. Оның әуежайынан әлемнің 239 қаласына қарай ұшуға мүмкіндік бар. Мұның өзі өңірдің іскер жандары мен саяхатшылар үшін аса ыңғайлы болмақ.
- Бүгін 45 кісі ұшайын деп отыр. Яғни әуе рейсінің маңызы зор. Біздің мынау Қарашығанақтағы және өзге де бизнесмендер мен қыдырушы қарапайым тұрғындарға өте ыңғайлы. Себебі Франкфуртқа ұшып барса, әрі қарай бүкіл Еуропаның кез келгне қаласына, Америка Құрама Штаттарына жол ашылады, сондай мүмкіндігі болады, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазыбек МЕНЕЕВ.
Алғашқы рейстің жолаушылары, негізінен КПО компаниясының қызметкерлері. Өйткені Қарашығанақ жобасында 40-тан астам мемлекеттің азаматы еңбек етеді. Халықаралық әуе бағытының ашылуына орай әуежайда салтанатты жиын өтті. Дәстүрге сай ұлттық әндер мен билер орындалып, шашу шашылды. Сөз алған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, жаңа рейс инвестициялық ахуалды жақсарта түсуге септігін тигізетінін атап өтті.
- Бүгінде Экспо көрмесі ашылып, барша әлем Қазақстанға көз тікті. Осындай маңызды сәтте халықаралық әуе қатынасының орнауы өте маңызды. Өйткені Орал мен Батыс Еуропаны тікелей байланыстырады. Сапар уақыты 4 сағат жарым уақытты алмақ. Біздің қызметкерлеріміздің өз еліне барып-келуі де жеңілдейді. Сондықтан оларды әр сәрсенбі сайын ұшыруды жоспарлап отырмыз, - дейді КПО компаниясының жобалары бойынша басқарушы Тревор МАНДЕЙ.
Ал КПО компаниясының заңгері Мич ФАЛЛЕН:
- Мен мұнда екі ай сайын қатынаймын. Бұған дейін жолға көп уақыт кетіп жүрді. Яғни Оралдан Ресейге дейін көлікпен барып, әрі қарай ұшаққа мінетін едім. Енді, міне, ыңғайлы рейс пайда болды. Межелі жерге жету мерзімі 4 сағаттан сәл асады, - деп қуанышын жасыра алмады.
Халықаралық рейстің ашылуына облыс әкімдігі, «Эйр Астана» мен КПО компаниялары арасындағы келісім негіз болды. Сондай ақ әуежай ұшу-қону алаңының талапқа сай жөнделуі де оң әсерін берді. Алдағы уақытта әуежай ғимаратын жаңғырту да жоспарланып отыр. Енді екі араны 148 орындық «Айробус А320» әуе кемесі байланыстырады. Ал билет бағасына келсек, Франкфуртқа барып-келу 154 мың теңгені құрамақ.
Арман КУРМАНАЛИЕВ