Оралда 190 млн. теңге қоғамдық көліктерге субсидия ретінде бөлінген

Қаражат өз автопаркін жаңалау туралы келісімді орындаған кәсіпорындарға автобус сомасының 10 пайызы көлемінде үш жыл ішінде төленеді, деп хабарлайды "Мой ГОРОД" порталының тілшісі. Сонымен облыс орталығында биылғы жылдың соңына дейін алпыс заманауи техникамен жолаушы тасымалдаушылар паркін жаңғырту көзделіп отыр. Бұл 2017-жылы жолақы тарифі алпыс теңгеден сексен теңгеге көтерілген кездегі биліктің талабы болатын. Алайда қоғамдық көлік иелері жаңа техника сатып алу оңай емесін алға тартып, біраз уақыт оздырған болатын. Ал енді сөзден іске көшетін кез туып отыр дейді билік өкілдері. Сондықтан жолаушы тасымалдаушы көліктерді жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Қоғамдық көлік жолақысы қымбаттаған кезде билік осындай талап қойған болатын. Бұл қазір кейінгі қалдырылмайтын, күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе ретінде көтерілуде. Атқарушы органның хабарлауынша, биыл жыл соңына дейін кем дегенде жолаушы тасымалдаушылар паркін 10 пайызға дейін жаңғырту көзделіп отыр. Бүгінде "Батыс Дилижанс" компаниясы алғашқылардың бірі болып жаңа техникаларды сатып алып қойыпты. -«Біз қойылған талапты орындайтындарға субсидия бөлеміз. Мемлекеттік қолдаудың түрі осы. Мәселен «Батыс Делижанс» ЖШС сегіз жаңа автобус сатып алып отыр. Ресейлік өндірістен шыққан. Алда өзге де жоспарлар бар. «Ақжол авто» да осы жоспарды орындауға бекініп отыр»,-дейді Орал қалалық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Айдар Менеев. «Батыс Дилижанс» ЖШС сатып алған жаңа автобустар жақын аралықта пайдалануға беріледі. Олар №39-шы маршрут жолаушыларына қызмет етпек. Әр автобустың құны 20 миллион теңгені құрайды. -«Біздер екінші деңгейлі банктен 14,5 пайызбен несие алып отырмыз. Ол бес жыл мерзімге берілді. Егер билік бізді қолдамаса, әрі қарай жаңа техникаларды сатып алу қиындау болады»,- "Батыс Дилижанс» ЖШС директоры Владимир Юркевич. Күн сайын Орал қаласында желіге 600-дей маршрут шығады. Олардың басым бөлігі ескіріп, ауыстыруды талап етіп отыр. Жолаушы көліктерін жаңалау бір күндік шаруа емес. Аталмыш мәселені біртіндеп жүзеге асыру қарастырылған. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp