Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 700-ге тарта жұмыс орны ұсынылып, жастарға үлкен мүмкіндіктер түсіндірілді. Шараға 100-ге жуық кәсіпорын өкілі қатысты.

-«Мен осы жәрмеңкеге жұмыс іздеп келіп тұрмын. Мамандығым- мұғалімдік. Бірнеше жұмыс берушіге жолықтым. Өзім осындай жәрмекеге алғашқы рет қатысып отырмын. Соңына дейін тағы да бағымды сынап көремін. Жұмыс табамын деген үміттенемін. Өзім алған мамандығым бойынша қызмет еткім келеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша еңбек етуге де болады екен. Бізге жақсы ақпарат берді»,-дейді жас түлектердің бірі-Ағилаш Қонысова.
Дәстүрлі түрде өтетін «Uralsk job fair- 2018» бос орындар жәрмеңкесі Оралда жұмыссыздық көрсеткішін қысқартып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарды жұмысқа орналастыру үшін өткізілуде. Негізінен қамту аймағы жастарға бағытталған. Бірақ барлық жұмыс іздеушілер жәрмеңкеге қатыса алады. Соңғы екі жылда жәрмеңке жаңаша атаумен өткізіліп отыр. Әр азамат жәрмеңкеге түйіндемесін дайындап алып келуі керек. Шара биылғы түлектер дипломдарын енді қолына алған кезде арнайы ұйымдастырылған көрінеді.
-«Жәрмеңкеге тек қаладан емес, облыстың аудандарынан келген жұмыс берушілер де қатысып отыр. Жалпы саны 70-ке жуық жұмыс беруші қатысты. Мақсатымыз-қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін шешіп, жастардың бос жүрмей, бірден қызметке орналасуына жағдай туғызу. Қазір көптеген жұмыс орындар еңбек өтілін сұрайды. Бұл орайда оларға «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы көмектеседі. Осы бағдаралама арқылы тәжірибе жинақтап, қалаған жұмысына орналасу мүмкіндігі арта түседі»,-дейді БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев.
Айта кетейік, биыл БҚО-ғы орта және арнаулы оқу орындарын 15 мыңнан астам жас тәмамдап, мамандық алып шығыпты. Ендігі мақсат-олардың дипломдарын кәдеге жаратып, мамандық бойынша жұмыс табуына ықпал ету. Сондықтан жастар саясаты мәселелері басқармасы бүгінгі жәрмеңкенің маңызы зор екенін атап өтті.
Жәрмеңкеде мемлекеттік бағдарламалардың ұтымды тұстары да түсіндірілді. «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай мүмкіндіктер бары айтылды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ