Орал қаласының «Ақжайық» деп аталатын шағын ауданда жүз елу көп қабатты тұрғын үй салынады.

Және тоғыз жалпы білім беретін мектеп, сегіз мектепке дейінгі мекеме, жетпіс сегіз спорт нысаны және үш емхана салынады деп жоспарланып отыр. Бүгінде шағын аудан бой көтеретін аумақта инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмысы басталған. Инфрақұрылым жұмысын атқаратын мердігерлер жұмыстарды биыл аяқтауға қауқарлы екендіктерін мәлімдеді.
-«Жаңа «Ақжайық»шағын ауданына ұзындығы он шақырым болатын газ құбыры тартылады. Бұл жұмыстар үшін 329 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Жалпы ұзындығы он бір шақырым болатын су құбыры жүргізілетін болса, қазір оның алты шақырымы салынды. Бұдан өзге 91,9 шақырым электр желісі тартылмақ. Сонымен қатар, светодиодты жаңа технологиялар қолданылады»,-дейді Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мирас Мүлкәй.
Шағын ауданның жалпы аумағы 425 гектарды құрайды. Әкімдіктің ждоспары бойыкша, елу мың адам осы жерде қоныстанады деп жоспарланып отыр. Барлық заманауи қажеттіліктермен халықты қамтамасыз ету үшін алдымен билік өкілдері коммуналдық желілерді жүргізуді қолға алып отыр.
«Ақжайық» шағынауданына тезірек жету үшін Шаған өзені үстімен көпір салынады. Бұл мақсатқа бюджеттік және шетелдік қаржылар да тартылып, Қарашығанақ кен орнынан өңірдің әлеуметтік жобаларына жыл сайынғы бөлетін қаржысының сомасы елу миллион Америка құрама штаттары долларына дейін ұлғайтылды. Жаңа аудан мен облыс орталығын тікелей жалғайтын көпір құрылысын 2020-2021 жылдары бастау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, сондай-ақ қала орталығындағы апатты үйлерден арылу үшін мемлекеттік жеке серіктестік бағдарламасы қолданылуда. Мәселен, осыдан сексен жыл бұрын салынған екі қабатты тұрғын үйдің орнына тоғыз қабатты алпыс төрт пәтерлік тұрғын үй бой көтермек. Орал қаласы Құрманғазы көшесі 196 мекен-жайында орналасқан үйде бүгінде тұрып жатқан төрт пәтердің иесі құрылыс аяқталғанша уақытша баспананы мекен етеді. Артынан оларға тоғыз қабатты үйден пәтер кілттері табысталуы тиіс.
Арман Курманбаев