Батыстың театр өнері – Астана төрінде. EXPO-да өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысының күндері аясында Оралдағы қос театр ұжымы өнер көрсетуде.

Алғашқы күні Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Еврипидтің «Троя арулары» трагедиясын, ал А.Островский атындағы драма театр Жан Батист Мольердің «Лекарь поневоле» комедиясын сахналады. Қос классикалық шығарманы да елордалық көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.
Көрермен залында – аншлаг. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының сахнасында облыстық қазақ драма театры әкелген «Троя арулары» трагедиясы жүруде. Қойылымның премьерсы 2015 жылы болған еді. Режиссері – Қуандық Қасымов.
«Троя арулары» - Орал театрының олжалы қойылымдарының бірі. Осы шығармамен өнер ұжымы шетелдегі екі халықаралық фестивальға қатысып, екеуінде де Бас жүлде мен «Үздік режиссер», «Үздік әйел бейнесі» аталымдарын жеңіп алды. Оның бірі Қырымда өткен «Боспорские агоны-2015» антикалық өнер фестивалі, екіншісі Македониядағы «Стоби-2016» өнер бәйгесі. Бұл жолы да көрермен актерлердің тамаша ойынына тәнті болып, Тілектес Мейрамов секілді театр тарландары туындыға жоғары баға берді.
- Бұл спектакль жөнінде мен былтырдан бері көп естігем. Шетелге барып, көрермен ықыласына бөленгенін, сыншылар тарапынан жоғары баға алғанын естігенмін. Сол үшін бүгін әдейілеп келдім. Шынымды айтсам, ешқандай өкінгенім жоқ. Спектакль көңілімнен шықты. Актерлардың ойыны, режиссердің шешімі керемет. Дәл қазіргі таңда осындай спектакльдер көп болу керек пе деп ойлаймын. Тағы бір қуантарлығы, теарда әйелдерге арналған қойылымдар өте аз қойылады. Ал бұл спектакльде әйелдер образы басым болып шықты. Және қай-қайсысы болса да, өзіне жүктелген міндетін абыроймен алып шықты деп ойлаймын, - деп өз әсерімен бөлісті Қазақстанның Халық артисі Тілектес МЕЙРАМОВ.
Трагедияда Троя патшалығының құлап, оны грек жауынгерлері талан-таражға салып жатқан кезі суреттеледі. Зорлық-зомбылық пен соғыс зұлматының қасіреті бейнеленген көріністер бүгінгі заманмен де үндес. Әрі режиссер Қуандық Қасымовтың классикалық пьесаны экспериментальді жаңа форматта сахналауы автор ойын адаспай ұғуға сеп. Шығарманы аударған ақын Қайрат Жұмағалиев екенін айта кеткен ләзім.
- Астанаға келдім қызымның үйіне. Сосын осы «Троя арулары» спектаклі болады дегесін, келдік театрға. Өте жақсы әсер алдық. Актрисалар өте шынайы ойнады. Тамаша әсер алып қайтып бара жатырмыз. Шымкентке барып, мақтанышпен айтатын болдым. Исалиева сияқты мықты актрисалардың ойынын көрдік деп, - дейді оңтүстіктен келген көрермен ГҮЛБИБІ ҚАРҒАБАЕВА.
Ал Максим Горький атындағы драма театрда оралдық Островский театрының труппасы Жан Батист Мольердің «Лекарь поневоле» комедиясын қойды. 40 минутқа ғана созылған туынды бір демде өтіп, көрерменіне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
- Бұл туындыда айтылған ой бүгінде де мән-маңызын жоғалтпаған. Басты кейіпкердің ролін Руслан Жумахметов сомдады. Талантымен қоса, таудай талабы бар жас актер. Сондай-ақ Светлана Коландарева, Светлана Романов, Николай Романов, Виталий Котельников сынды актерлер де осы қойылымға атсалысты, - дейді А.Островский атындағы драма театрының бас режиссері Оксана МАЛУША
Актерлардың импровизациялық ойынына, режиссуралық ұтымды шешімдерге, қойылымның ойнақы әрі ащы астарлы атмо сферасына риза болған көрермен өз әсерімен бөлісті.
Осы шығармамен бірге «островскийліктер» Астанаға 4 бірдей қойылым әкелген. Олар енді тамыздың 4-іне дейін қойылады. Ал Хадиша театры «Троямен» бірге Ф.Буляковтің «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясын астаналықтарға ұсынбақ. Қос театрдың үздік 6 қойылымы да батыс сахналық өнерінің бәсі биік екенін көрсететін туындылар.
Арман КУРМАНАЛИЕВ