05 августа 2017

Ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылды

 «ЭКСПО-2017» көресіндегі Батыс Қазақстан облысының күндері аясында этноауылда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Көкпар, жамбы ату, теңге ілу, қазақ күресі, тазы жарысы секілді ойындар көпшіліктің делебесін қоздырып, айызын қандырды. «Қазанат» ипподромында өткен ұлттық ойындар сайысы көкпар тартысынан басталды. Мұнда облыстың үш командасы көрсетілім түрінде өзара бақ сынады.  Жалпы Астанаға облыстың құрама командасынан 60-тан астам спортшы келіп, 15 ат әкелінген. - Біз Астанаға көкпар, жамбы ату, теңге ілу және тағы басқа ойын түрлерінен жарыстар өткізудеміз. Неліктен бұл ойындар таңдалынды? Себебі бәйге өткізу оңай емес. Орал қаласы Астанадан өте алыс. Ат алып келу қиынға соғады. Және бұл жерде бәйге тұрақты түрде өткізіледі екен. Сондықтан біз кішкене ерекшелік болсын деп, басқа спорт түрлерін алып келдік. Көкпар біздің облыста жақсы дамып келеді. Облыс құрамасы ел чемпионаттарында өзін жақсы көрсете білді. Бұл жерге Зеленов, Жәнібек аудандары және Орал қаласының командаларын алып келдік, - дейді Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия АМАНБАЕВА. Ұлттық спорт мектебінің ұландары да ұлттық ойындардың көрігін қыздырды. Аударыспақта күштілігін, жамбы ату мен теңге ілуде ептілігін танытты. Спорт мектебінде бүгінде 450 шәкірт білім алады. Олар ұлттық ойындардың 7 түрін меңгеруде. - Облыста ұлттық спорт түрлері соңғы кезде жақсы дамып келе жатыр. Спорт мектебінде 33 айғыр бар. Олар қарапайым жылқы емес, арнайы көкпарға, теңге ілуге, жамбы атуға дайындалған аттар, - дейді БҚО ұлттық спорт мектебінің директоры Дастан МЫРЗАҒАЛИЕВ. Ал тоғызқұмалақ ойнауға ден қойғандардың көптігі тәнті етті. Астана қаласы мен Ақмола, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген 30-дан астам зияткер 2 жас ерекшелігінде өрнекті ойын көрсетті. - Тоғызқұмалақ ойнауды үйренгеніме 5 жыл болып қалды. Бұл біздің көне ұлттық ойынымыз. Сондықтан біз тоғызқұмалақты отбасымызбен, мұғалімдерімізбен бірге ойнаймыз. Ол миды жаттықтыруға, математика сабағынан жоғары баға алуға көп көмектеседі. – Бұл тоғызқұмалақ сайысына қатысушы Раушан ӘУЕЛБАЙДЫҢ пікірі. Сол маңда қазақ күресінен де белдесу басталды. Балуандар 70 келіге дейінгі және одан да жоғары салмақта боз кілемде бақ сынады. Астана, Көкшетау қалалары мен БҚ, Ақмола облыстарының өрендері күресте белсенділік танытты. Жалпы Астана ЭКСПО-2017 көрмесіндегі облыс күндері аясында ұлттық ойындардың 8 түрінен көрсетілім-сайыстар ұйымдастырылды. Жарыстардың жүлде қоры 1 млн 600 мың теңгені құрап, үздіктер марапатталды. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp