«Батыс Қазақстан облысы экономиканы әр тараптандыру бойынша Астанадан кейінгі екінші орында тұр». Өңірге келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.

Лауазымды тұлға мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарында болып, Орал мұнай-газ және салалық технологиялар колледжінің студенттерімен кездесті.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ет және шұжық өнімдерін өндіру, саттыққа шығару. Бұл «Кублей» кәсіпорнының негізгі қызметі. Ірі өндіріс орнының кешенінде мал сою, етті сүйектен ажырату, өнімді орау-қаптау цехтары, зертхана бар.
- Зауыттың қуаттылығы – жылына 10 мың тонна өнім шығара алады. Кәсіпорында шок түрінде мұздату әдісі қолданылады. Бұл салқындатылған еттің дәмін сол балғын күйінде сақтауға мүмкіндік береді, - дейді «Кублей» ЖШС техникалық директоры Рахим НАҒМЕТОВ
Бұл әдістің маңызы зор. Өйткені, еттің 50 пайызы экспортқа шығарылады. Мәселен, осы кезге дейін Иранға 3 жүк көлігіне тиелген өнім жіберілген. Жылдың соңына дейін 200 тонна ет тасымалданбақ.
Цехта барлық ветеринарлық талаптар сақталады. Мал ирандық имамның, дәрігердің және тапсырыс беруші компания өкілінің көзінше сойылады. Және кәсіпорында өнім қалдықсыз өндіріледі. Сүйек-мүйіз, қан-жын ұнтаққа айналып, одан тауық пен ит-мысыққа азық дайындалады. Әсіресе, сүйек ұнтағының құрамында протеин көп болады дейді мамандар. Сондықтан бұл өнім тек елімізде ғана емес, Ресей, Иранда да жоғары сұранысқа ие. Цех желтоқсанда іске қосылмақ.
«Стеклосервис» серіктестігі де дайын өнімнің 30%-н экспортқа шығарады. Кезінде кәсібін әйнек кесуден бастаған ағайындылардың шағын бизнесі қазір отандық ірі компанияға айналды. Мемлекеттік бағдарламалар қолдауымен табысты дамып келеді. Өндіріс орнында әйнек термоөңдеуден өтеді. Нәтижесінде оның төзімділігі артады.
Серіктестік фин компаниясымен бірігіп, қуат үнемдейтін құрылыс бұйымдарын шығаруды бастады. Партия төрағасының бірінші орынбасары бұл саланың маңыздылығына тоқталып, жас мамандармен тілдесті. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін атап өтті.
Енді осындай мақтаулы кәсіпорындарға маман керек. Оларды университеттер емес, кәсіптік-техникалық колледждер даярлайды. Сондықтан Мұхтар Абрарұлы Орал мұнай-газ және салалық технологиялар колледжінің студенттерімен кездесті. Оқу орны дуальді оқыту негізінде білім береді. Білім ошағының бағыт-бағдарымен танысқан бірінші орынбасар тың ұсыныстарын айтты.
Мұхтар Құл-Мұхаммед тұрғын үй құрылысы комбинатында қаңқасы құрылған 180 пәтерлік баспананы да көрді. Құрылыс аяқталған, қоныстой тойлағандар да бар.
- Бұл тұрғын үй құрылысы комбинаты жүйесі бойынша салынған 5-ші үй. Осы жүйе бойынша аумағы 85 мың шаршы метр болатын тұрғынжай тапсырылды. Жыл соңына дейін 6-шы баспана пайдалануға беріледі, - дейді БҚО құрылыс басқармасының басшысы Арман ӨКСІКБАЕВ.
Жалпы «Нұрлы жер» бойынша өңірге 14 млрд теңге қаражат бөлінген. Келер жылы бұл аумаққа тағы 9 көпқабатты үй салынады. Айнала абаттандырылып, әлеуметтік нысандар да бой көтермек. Мемлекеттік бағдарламалардың игі әсерін тұрғындар қазірден-ақ сезіне бастаған.
Арман КУРМАНАЛИЕВ