Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасына – 150 жыл. 1867 жылы құрылған алты кереуеттік стационар бүгінде уақыт талабына сай іргелі мекемеге айналып отыр.

Дәулетше Күсепқалиев, Мәжит Шомбалов, Халел Досмұхамедұлы, Нұрғали Ипмағамбетов, Есенғали Қасаболатов, Бақтығали Бисенов, Иса Қашқынбаев сынды алғашқы қазақ дәрігерлері шыққан еліміздің батыс өлкесінде денсаулық сақтау мекемелерінің тарихы да ертерек басталған.
Ілкі тарих Ресей империясындағы 1867-1868 жылғы реформа бойынша тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін уездерде дәрігер, фельдшер және босануға көмектесетін адамдар лауазымдары бекітілді. Әрине алғашқы кезде медициналық мекемелер қалаларда, ірі казак стансаларында ғана шоғырланып, тұрғындардың ауқатты бөлігіне ғана қызмет көрсетті. Міне, осы тұста Оралдағы әскери аурухана 40 орынға дейін кеңейтіліп, 1 дәрігер, 3 фельдшер қызмет етті. 1874 жылы аурухана 60 орынға, ал 1879 жылы 100 орынға кеңейтілді. Бұл мекеме «жалпы аурухана» саналып, онда әртүрлі науқастар ем-дом алды.
Облыстық аурухана негізінде арнайы бөлімдер ұйымдастырылып, қазіргі таңда ревматологиялық, пульмонологиялық, гастроэнтерологиялық, эндокринологиялық, нефрологиялық, гематологиялық, тамырлы хирургия, нейрохирургиялық, отоларингологиялық, неврологиялық, травматологиялық, жақ-бет хирургиясы, офтальмологиялық, физио бөлімдер жұмыс істеп жатыр», дейді Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының директоры Ерлан Тоқсанов. «Денсаулық – зор байлық» дейді ғой халқымыз. Оралдағы аурухананың білікті еміне риза болған халық көп. Мысалы, бұрын көз ауруларына шалдыққан пациенттер көршілес Орынборға ағылатын. Оралдық дәрігерлер аурухананың көз бөлімінде Орынбордың хирург-офтальмологтарының тікелей атсалысуымен көз микрохирургиясы бөлімшесін ашты. Сөйтіп Орал қаласы және ауыл тұрғындары, облыс аумағынан шет кетпей терапиялық, хирургиялық медициналық көмекті алу мүмкіндігіне ие болды. Облыстық клиникалық аурухананың офтальмологиялық бөлімі – бүгінгі таңда республикадағы үздік бөлімдердің бірі. Медицина ғылымының докторы, академик Владимир Канюковтың басқаруындағы Орынбор қаласының Федоров атындағы көз микрохирургиясы офтальмологтарымен тығыз қарым-қатынас орнатылды. – Дәрігерлердің біліктілігі мен кәсіби шеберлігін арттырудың маңыздылығы өте зор. Осы дағдыларды шыңдай келе біз бүгінгі таңда әлемнің білікті дәрігерлері жасайтын оталарды өзіміз жасауға қауқарлымыз. Есту қабілетін жақсарту, яғни адамға айналасындағы ортаны қайта таныту, сонымен қатар жамбас, тізе буындарын эндопротездеу, озық нейрохирургиялық оталарды жасау – біздің жетістіктеріміздің бірегейі ғана, – дейді Е.Тоқсанов.
Біліктілік – басты қағида Клиникалық ауруханада эндобейнехирургия бөлімшесімен қоса хирургиялық саладағы 10 бөлімше қызмет етеді. Жоғары технологиялар қатарына жататын түрлі операциялардың 17 түрі енгізілді, лапароскопиялық операциялардан кейінгі асқынулар казуистикалық сипатқа ие болып, құлақ микрохирургиясы дамыды. Микрохирургиялық техниканы пайдалану арқылы есту қабілетін жақсартатын операциялар, омыртқа спондилодезі, сан-жамбас, тізе буындарын эндопротездеу, блоктау штифтарымен сирақ және сан остеосинтезі, гемигепатэктомия және ісік кезінде бауырды резекциялау, бронхоэктатиялық аурулар және плевра мен өкпенің іріңдеу аурулары кезінде өкпеге операциялар, ащы және тік ішектерге қайта құру операциялары жүргізілді. Гастроэнтерология бөлімшесінде ауруларды емдеу мен диагностикалау бойынша да жаңа әдістер енгізілді. Осы сынды оталарды жасайтын облыстық клиникалық аурухана бүгінде заманауи құрылғылардың барлық түрімен жабдықталды. Орал қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада жыл сайын 510-нан астам адамға мамандандырылған жоғары медициналық көмектің 45 түрі көрсетіледі. Сонымен қатар 56 жаңа операция түрі, емдеудің жаңа диагностикалары енгізілген.
Егемен Қазақстан