• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Ақсайда Оқушылар сарайы салынуда

Аудан аумағында мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп, Оқушылар сарайы салынуда.
Ақсайда Оқушылар сарайы салынуда
Сурет "ЖИ" (gemini) көмегімен жасалды

Ақсайда Оқушылар сарайы мен мүгедектігі бар балаларды оңалтуға арналған орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Әлеуметтік нысандардың құрылысы жайлы Бөрлі ауданының әкімдігі хабарлады. Бұл ақсайлық оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп, жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін мұрындық болмақ. Оңалту орталығында балақайлар асыға күтіп жүр. Қос ғимарат ауданның әлеуметтік әлеуетін арттыруға арналған.

Аудан әкімдігі Бөрліде 2023-2026 жылдары салынып, күрделі жөндеуден өткен әлеуметтік мекемелердің жай-күйін жіпке тізді. Игі бастамалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №256 қаулысына сәйкес, Бөрлі ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында КПО б.в. компаниясының қаражаты есебінен жүргізілген.

Өткен жылы ауданға қарасты Бумакөл, Жарсуат және Пугачев ауылында мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтті. Үш мәдениет үйі жанданды.

Қазіргі таңда Ақсайда аудандық мәдениет үйінің ғимараты да қайта жаңғыртудан өтуде.

Ауданда мәдениет үйлерінен бөлек, кітапханаларда жаңартылып жатыр. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Кітапханаларды модернизациялау» жобасы аясында Бөрлі ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Ақсай қаласының №4 қалалық кітапханасы мен Пугачев ауылдық модельді кітапханасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.

Кітапханалар өткен жылы салтанатты түрде пайдалануға берілді.

– Бұл жобалар аудан тұрғындары үшін қолайлы әлеуметтік орта қалыптастырып, мәдениет, білім және балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған, – деп хабарлады Бөрлі ауданының әкімдігі.

Бұдан өзге, Бөрлі ауданында аудандық аурухананың жапсарлас ғимараттарының құрылысы жүріп жатыр. Аудандық аурухананың жанынан үш ғимарат бой түземек. Ғимараттарды «Альтаир» компаниясы салып жатыр. Құрылыс жұмыстары үшін төрт миллиард теңге жұмсалмақ. Осылайша Ақсай қаласында орналасқан аудандық ауруханаға көпбейінді медициналық мекемеге айналады деп күтілуде. Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау мен Бөрлі ауданының тұрғындары жаңа емдеу мекемесіне қарала алады.

Бөрлі ауданының орталығында орналасқан медициналық мекеме 1988 жылдан бері жұмыс істейді.

Ауруханадан бөлек, Ақсайда «Жастар» стадионының күрделі жөндеуден өтті. Спорт нысаны шаһардың орталығында орналасқан. Оның аумағы 1,87 гектарды құрайды. Спорт нысаны өткен жылдың соңында қайта жаңғыртуға жабылған. Жөндеуді «Қалдығайты» ЖШС мекемесі жасап жатыр. Осы компания бұған дейін ауданға қарасты Кеңтүбек пен Жарсуат ауылында спорт зал салған. Ақсайлықтар үшін маңызды жобаны «КПО б.в.» компаниясы қаржы бөлген. Жоба күні бүгінге дейін 90 пайызға аяқталыпты.
Бөрлі ауданында оқу жылы қарсаңында мектептерді жөндеуге 76 миллион теңге бөлінді.