• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Бөрлі ауданында құрылыс қарқынды

Аймақ басшысы Бөрлі ауданында салынып жатқан стадион, аурухананың қосымша ғимараты мен қонақүйдің құрылысын тексерді.
Бөрлі ауданында құрылыс қарқынды
БҚО әкімдігінің фотосы

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданына жұмыс сапарымен барды. Әкім аудан көлемінде салынып жатқан құрылыс жұмыстарын тексерді. Ол Ақсай қаласында орналасқан «Жастар» стадионының күрделі жөндеуімен танысты.

Бөрлі ауданы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйесек, стадион шаһардың орталығында орналасқан. Оның аумағы 1,87 гектарды құрайды. Спорт нысаны өткен жылдың соңында қайта жаңғыртуға жабылған. Жөндеуді «Қалдығайты» ЖШС мекемесі жасап жатыр. Осы компания бұған дейін ауданға қарасты Кеңтүбек пен Жарсуат ауылында спорт зал салған. Ақсайлықтар үшін маңызды жобаны «КПО б.в.» компаниясы қаржы бөлген. Жоба күні бүгінге дейін 90 пайызға аяқталыпты.

Главный баннер

— Қазіргі таңда стадионды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда әкімшілік кабинеттер, спорт залы және киім ауыстыратын бөлмелері бар ғимарат бой көтерді. Стадион аумағында түрлі ойын алаңдары, оның ішінде FIFA стандарттарына сәйкес келетін жабындысы бар футбол алаңы, жаттығу құрылғылары және велосипед, ролик пен скейтборд әуесқойларына арналған экстремалды аймақ қарастырылған, – деп хабарлады Бөрлі ауданының әкімдігі.

Стадионның жұмысына қаныққан аймақ басшысы аудан орталығында қайта жаңғыртудан өткен қонақүйдің жұмысымен танысты. Қайта жаңартылған қонақ үй заманауи талаптарға сай жабдықталып, келушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нысанда 91 қонақ бөлмесі, сондай-ақ демалыс және қызмет көрсету аймақтары қарастырылған.

— Жобаның жүзеге асуы ауданның туристік және сервистік әлеуетін арттыруға, қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Бөрлі ауданының әкімдігі.

Ақсай қаласында қонақүй мен стадионнан бөлек аудандық аурухананың жанынан жапсарлас ғимарат салынып жатыр. Жаңа ғимарат аумағы жеті мың шаршы метрді құрайды. Жаңғырту жұмыстары үшін төрт миллиард теңге жұмсалмақ. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жапсарлас ғимаратта кардиология, инсульт және перзентхана бөлімшелері ашылады екен.

— Магниттік-резонанстық томограф пен ангиографқа арналған жеке ғимарат бой көтереді. Кереует саны 125-тен 154-ке дейін ұлғаяды. Көпбейінді ауданаралық аурухана мәртебесі облыстық деңгейде жасалатын бірқатар күрделі отаны жергілікті жерде жүргізуге мүмкіндік береді, — деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Ақсай қаласында 1988 жылдан бері жұмыс істейтін медициналық мекеме бүгінде 58 мың тұрғынға, Қарашығанақ кен орнындағы 10 мыңға жуық вахталық жұмысшыға және көршілес аудандардан келетін науқастарға қызмет көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бөрлі ауданының ауруханасының құрылысын облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй тексерген еді. 

Главный баннер --> after article