Бөрлі ауданында халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатқан ауқымды жұмыстар ең алдымен тұрғындардың денсаулығын сақтауға және сапалы медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған.
Ауданаралық орталық – жаңа кезең
Бүгінде 57 мыңнан астам тұрғыны бар Бөрлі ауданында медициналық жүйе толықтай жаңаруда. Ең маңызды өзгеріс – бұрынғы аудандық аурухананың көпбейінді «Ауданаралық орталық ауруханаға» айналуы. Орталық Шыңғырау, Сырым мен Қаратөбе ауданының тұрғынына көмек көрсетеді. 100 мың астам тұрғын осы орталыққа қарады деген жоспар бар.
Ақсай қаласында ауданаралық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Құрылыстың құны 4,3 миллиард теңгеден асып жығылады. Жоба 2026 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады деп күтілуде. Жаңа мекемені «Альтайыр» компаниясы салып жатыр.
Бұған қоса, ауылдық жерлерде де медициналық көмек қолжетімді бола түсті.Қазіргі таңда бірқатар елді мекенде жаңа заманауи ғимараттар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Мәселен, Аралтал ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория бой түзеді. Ал, Қарағанды мен Ақбұлақ ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктер салынса, Ақсу, Жаңақоныс мен Облавка, Қарақұдық ауылында жаңа медициналық пунктер тұрғындар үшін қызмет көрсетуде.
Дәрігерлерді тарту: жүйелі жоспар
Инфрақұрылым жақсарғанымен, кадр мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі таңда Бөрлі аудандық аурухана штатында 89 дәрігер еңбек етеді. Оның оны бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа екен. Бірақ аудандық ауруханасына 31 дәрігер керек. Ауруханаға сегіз жалпы практика дәрігері, үш кардиолог, екі анестезиолог-реаниматолог, екі невролог, екі акушер-гинеколог, екі УДЗ дәрігері, екі реабилитолог, екі педиатр, сондай-ақ хирург, травматолог, отоларинголог, дерматовенеролог, уролог, провизор-фармацевт, балалар хирургі және зертханашы дәрігерлер керек.
Бөрлі ауданының әкімдігі кадр тапшылығын тапшылығын шешу үшін 2026 жылғы резидентура мен интернатура түлектерімен кездесулер ұйымдастырыпты.
– Осы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 26 жас дәрігер шақырту алып, оқуын аяқтағаннан кейін ауданымызға келеді деп күтілуде. Сонымен қатар, «Enbek.kz» порталы арқылы Ақтөбе қаласынан еңбек өтілі бар дерматовенеролог маманы шақырылып, нәтижесінде ауданға жалпы саны 27 білікті дәрігердің келуі қарастырылған. Айта кету керек, кадрлық әлеуетті арттыру бағытында 2025 жылы ауданға 34 дәрігер (соның ішінде 15 жалпы практика дәрігері, терапевтер, педиатрлар және өзге де бейінді мамандар), ал 2026 жылдың өткен кезеңінде дәрігер акушер-гинеколог, травматолог, жалпы практика дәрігері және невролог дәрігері келіп үлгерді, – деп хабарлады Бөрлі ауданының әкімдігі.
Ауданға келген дәрігерлерді баспанамен қамтиды. Дәрігерлерге облыстық денсаулық сақтау басқармасының тарапынан 8,5 миллион теңге көлемінде сыйақы берілмек.
— Жергілікті әкімдік пен аурухана басшылығы тарапынан қызметтік және жалдамалы пәтерлер, Аралтал шағын ауданында орналасқан жер үйлер мен отбасылық жатақханалардан орындар берілді. Ал Бөрлі дәрігерлік амбулаториясының отбасылы дәрігерлері Бөрлі ауылдық әкімдігі тарапынан жеке қызметтік үйлермен толық қамтамасыз етілді, – деп хабарлады аудан әкімдігі.