Оралда 550 орынға арналған облыстық көп салалы аурухананың жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы құрылыс басқармасы хабарлады. Жаңа медициналық мекеме Ақжайық шағын ауданында салынады деп жоспарлануда.

Басқарма таратқан ақпаратқа сүйенсек, ғимарат үш блоктан тұрады. Емдеу мекемесі хирургиялық блок, терапиялық блок пен оңалту бөлімшелерінен құралады. Ал, хирургиялық блок 50 орынға арналған кардиология және қан-тамыз хирургия бөлімі қарастырылған.

–Қосымша ретінде 118 орындық күндізгі стационар бөлек қарастырылады. Аурухана заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, пациенттер ағынын бөлуге арналған TRIAGE жүйесі енгізіледі - шұғыл көмек және жоспарлы госпитализация. Бұл медициналық көмекті жедел көрсетіп, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Аумақта шұғыл медициналық эвакуацияға арналған тікұшақ алаңы да салынады - бұл пациенттерді жеткізу уақытын айтарлықтай қысқартып, өмірді сақтап қалу мүмкіндігін арттырады,-деп хабарлады облыстық құрылыс басқармасы.

Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 25 мыңнан астам шаршы метрді құрамақ. Алайда емдеу мекемесінің құрылысы қашан басталатынын дөп басып айту әзірге мүмкін емес.