202 жылдың екі айында Батыс Қазақстан облысында интернет алаяқтығы бойынша 105 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Алаяқтардың кесірінен келген шығын 260 миллион теңгені құрапты. Тәртіп сақшылары ең үлкен шығын 16 миллион теңгені құрағанын хабарлады. Зардап шеккен адам инвестициялық жарнамаға сеніп, қаржысын алаяқтарға санап беріпті.
— «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне 280 құқыққа қарсы интернет-ресурс енгізілді. Екі айда 260 миллион теңгеден астам шығынға 697 күдіктінің есепшоты бұғатталды. Оның ішінде 2,5 миллион теңге бұғатталды. Бір миллион теңге қайтарылды. Ал 1,5 миллион теңгені иесіне қайтару жұмысы жүргізілуде, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күні бүгінге дейін облыс аумағында интернет алаяқтығы бойынша 61 қылмыс ашылған. Тәртіп сақшылары 33 істің ізін суытпай, бір тәулікте ашқанын хабарлады.
Интернет алаяқтығының алдын алу үшін ел аумағында бірінші ақпан мен 30 сәуір аралығында «Anti-fraud» жедел- профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.Полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу үшін 27 мыңнан астам адамды қамтыған іс-шаралар ұйымдастырыпты.Сегіз мыңнан астам Egov электронды порталы арқылы несие алудан ерікті түрде бас тартқан.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға сенбеуге, жеке деректерді бөгде тұлғаларға бермеуге және күмән тудырған жағдайларда құқық қорғау органдарына жедел хабарласуға шақырады.