«Олимп» клиникалық- диагностикалық зертханасы Оралдағы қарттар үйінің қызмет алушыларының көңіл күйін көтерді.
Құрбан айт– мұсылмандар үшін ең ұлық мереке. Бұл күні жақын-жуықпен қарым-қатынасты дұрыстап, ренжіскен жандар татуласады. Қасиетті мейрам қайырымды болуға үндейді. Жомарт жандар жетім-жесір мен көмекке мұқтаж қам көңіл жандарға жәрдемдесіп жатады.
Қазіргі таңда елімізде қайырымдылық акциялары игі дәстүрге айналғандай. Жыл сайын ұлық мейрамда игі іс атқаратын жандар мен үлкен компаниялардың саны артып келеді. Қайырымдылық акциясы ұйымдастырған мекемелердің бірі– «Олимп» клиникалық- диагностикалық зертханасы. Аталмыш зертхана 20 жылдық мерейтойы аясында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қайырымдылық дастарханын ұйымдастырды.
– Бұл шараның басты мақсаты - үлкендерге құрмет көрсетіп, қоғамға қолдау білдіру. Осындай игі шаралар арқылы компаниямыз әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым басты назарда ұстайды, – деп атап өтті «Олимп» клиникалық- диагностикалық зертханасының қызметкерлері.
«Олимптың» игі акциясы «Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» жүзеге асты. Орталықтың қызмет алушылары қайырымдылық іс-шарасына дән риза болып, ұйымдастырушыларға ақжарма тілегін айтты. Риза болған жандардың бірі – Балкенже Давлетова. Ол қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырғандарға бата беріп, көңіл-күйімен бөлісті. Ақжаулықты ана жетістің жетеуіне толған. Ол орталықта төрт жыл өмір сүріп келеді.
– «Олимп» клиникасына мың да бір рахмет. Алла разы болсын! Шаңырақтары шайқалмай, аман жүрсін. Еңбектері жемісті болсын. Аспанымыз ашық, деніміз сау болсын!, – дейді Балкенже Давлетова.
Бүгінгі таңда орталықта 500-ден астам қызмет алушы бар. Оларға орталық тәулік бойы қызмет көрсетеді. Оралдағы мекеме еліміз бойынша ірі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы саналады. Мұнда сегіз бағыт бойынша жұмыстанады. Орталық директорының орынбасары Әсемгүл Кашкинбаева айырымдылық акциясына: «Асыраушысынан айырылған жандардың көңілін аулау үлкен сауап деп есептеймін»,– деп бағасын берді.
– Біздің орталығымызда Құрбан айт мерекесі тойланып жатыр. Біздер қызмет алушыларымызға ерекше көңіл күй сыйлап, өздерінің дәмді тағамдарын ұсынып жатқан «Олимп» клиникалық- диагностикалық зертханасы , ұжымның басшылығына үлкен рахмет айтамыз! – деді Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Әсемгүл Ерланқызы.
«Олимп» зертханасы келешекте осындай игі іс пен қайырымдылық акцияларын көптеп ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Зертхана қам көңіл жандар назардан тыс қалмауы керек деген ойда!