Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанда 13–23 наурыз аралығында ауқымды республикалық «Nauryz Sale» акциясы өтеді. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған. Акция кезеңінде сауда субъектілері халыққа азық-түлік және азық-түлік емес тауар топтарына 10–70 пайыз аралығында мерекелік жеңілдіктер ұсынады.
Акциялық тауарлар сауда залдарында арнайы мерекелік навигация және «Nauryz» фирмалық безендіруі арқылы белгіленеді. Атап айтқанда, тақырыптық баға белгілері, брендтелген көрсеткіштер, баннерлер және басқа да POS-материалдар орналастырылып, сатып алушыларға ассортиментте оңай бағдарланып, жеңілдікпен ұсынылған тауарларды жылдам табуға мүмкіндік береді.
Акцияға ішкі сауда саласының шамамен 300 субъектісі қатысады. Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 электрондық сауда субъектісі бар.
Қатысушылар қатарында елдің ірі сауда желілері — Magnum, Small, Galmart, «Анвар», «Дина», Toimart, «Астыкжан», «Аян», Greenwich және басқалары, сондай-ақ Mega Silk Way, Keruen, Keruen City, «Аружан», «Сарыарка», Shymkent Plaza сияқты ірі сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтары бар.
Акция аясында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылмақ. Сауда орталықтарында қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылатын болады.