04 августа 2017

ASTANA EXPO-2017 алаңында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

 «Astana EXPO-2017» көрмесінің корпоративті павильонында Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Форум аясында шетелдік елшілер мен дипломатиялық корпус өкілдері, кәсіпкерлер, жергілікті билік өкілдері, халықаралық қаржы институттары мен ұлттық, шетелдік компания өкілдері өзара пікір алмасты. ЭКСПО алаңында, әуелі, батысқазақстандық ғалымдар мен ірі кәсіпорындардың инвестициялық жобалары таныстырылды. Орал қаласы әкімдігінің «Смарт-Сити», «Жасыл қала», «Қауіпсіз қала» тұжырымдамалары, Ақсай индустриалды паркінің жетістіктері ұсынылды. «КПО б.в.», «АBS-Мұнай», «Батыспауэр» компанияларының атмосфераға зиянды қалдықтарды шығаруды азайту мақсатымен енгізген жаңа технологиялары да көпшілікті қызықтырды. Ал БҚАТУ өнертапқыштары көрмеге 7 жоба әкеліпті. Олардың қатарында жасанды қиыршықтас, көбікті-шыны материал, мұнай қалдықтарынан өндірілген құрылыс материалдары бар. Жобалардың барлығы да энергияны үнемдеуге негізделген. КАЗИИТУ ғылыми-білім кешені жасанды интеллектті қолдану арқылы цифрлы университет құру жобасының келесі кезеңіне көшкен. Ол үшін отандық және ресейлік ғалымдар күш біріктіріпті. Ресей демекші, солтүстіктегі көршіміз – облыстың тұрақты серіктестерінің бірі. Бүгінде 490 біріккен кәсіпорын жұмыс істейді. - Бірінші жартыжылдықта тауар айналымы 1,5 есеге ұлғайды. Бұл Батыс Қазақстанда инвесторларға барлық жағдай жасалғанын, оң инвестициялық климат қалыптасқанын көрсетеді. Және өңір басшылығы аймақаралық әріптестікке көп көңіл бөлетінін атап өткім келеді, - деді ҚР-дағы РФ істері бойынша уақытша сенімді өкілі Александр МУСИЕНКО. Ал форумның пленарлық отырысында шетелдік инвесторлар мен елшілерге  өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылды. Өткен жылы облыстың ІӨӨ 6 млрд АҚШ долларына бағаланған. Құны 3,6 млрд доллар болатын тауар көлемі экспортталған. Оның дені мұнайгаз шикізаты мен дәнді және майлы дақылдар, ет, машинажасау саласындағы бұйымдар. Сонымен бірге 1,2 млрда доллар инвестиция тартылған. - Біз транзитті аймақпыз. Облыс - еліміздің батыс қақпасы саналады. Орал Еуропада орналасқан. Сондықтан біз жақында Франкфуртқа жаңа әуе рейсін аштық. Біз Ресеймен шектесеміз. Бұл үлкен нарық. Ресейде серіктестеріміз өте көп. Қарашығанақ консорциумы құрамынды ірі трансұлттық компаниялар жұмыс істейді. Минералды, көмірсутек секторларында, сондай-ақ мұнайгаз саласынан тыс бағыттарда да даму бар. Президенттің экономиканы әртараптандыру бойынша тапсырмасы да орындалуда, - деді өз сөзінде облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ. Форумда өңірде жұмыс істеп жүрген инвесторлар мінберден көрініп, облыстың инвестициялық климаты жайлы сөз қозғады. - Батыс Қазақстан – өте үлкен мүмкіндіктер алаңы. Бұл аймақта, әсіресе, құрылыс саласында зор өзгерістер болып жатыр. Оған біз де үлес қосудамыз. Қазақстандағы барлық газ көлемінің 34 пайызын біздің компания өндіреді. Біздің дерек базамызда 4 мың қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Тауарлар мен қызмет көрсетудің 50 пайызын солар ұсынады. Біздің жұмысшыларымыздың 92 пайызы — қазақстандықтар, - деді КПО б.в. компаниясының бас директоры РЕНАТО МАРОЛИ. Іскерлік шара соңында машинажасау саласында меморандумға қол қойылды. Бұдан әрі отандық бизнес қауымдастығының өкілдері мен шетелдік инвесторлар, жергілікті билік өкілдері жеке кездесулерде бас қосты. Елбасының облыс әкімдеріне берген инвесторларды тарту, оларға жағдай жасау тапсырмасына сәйкес және ЭКСПО алаңын тиімді пайдалану мақсатымен ұйымдастырылған шара нәтижелі өтті. Арман КУРМАНГАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp