ЭКСПО көрмесіне қатысқан Австриялық кәсіпкерлер, еліміздің батыс өңірлерінде де өз өнімдерін ұсынуды жөн көріпті. Өйткені аталған аймақтарда мұнай-газ секторы мен өнеркәсіп өркен жайған.

«Парк Отель» қонақ үйінде өткен таныстырылымға жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Мәселен өткен 7 айдың ішінде Батыс Қазақстан облысында 3 млрд. доллардың өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 12 пайызды құрады. Мұның өзі бизнестің белсенділігін арттыруға бар жағдайдың жасалғандығын көрсетеді.
- Биыл облыстың экономикасына тартылған инвестиция көлемі 500 млрд. долларға жетті. Соның 85 пайызы жеке қаржылар. Сондықтан бүгінгі кездесу екі тарапқа да тиімді болып, бірлесе еңбек етуге жол ашады деді, - облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.
Бүгінде елімізде Австрияның 50 компаниясы жұмыс істеуде. Кездесуде шетелдік компания өкілдері мұнай-газ саласына қажет тың технологиялар мен замануи жабдықтарды таныстырды.
- Қазақстан, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында өнеркәсіптің сан-саласы серпінді дамып отыр. Біздің кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық мол. Әсіресе біз мұнай-газ саласында бірлесе жұмыс істегіміз келеді. Осы бағытта жергілікті кәсіпорындармен байланыс орнатып, әріптестікті нығайтпақ ойымыз бар дейді, - Австрияның еліміздегі сауда бөлімінің басшысы Михаэль Мюллер.
Полиэтилен өндірісіне қажет жоғары қысым жүйелері, құбырларды қосақтағыш құрылғылар, су сорғыштар, өнеркәсіптік компьтерлер және тағы да басқа замануи жабдықтар. Ұсынылған өнімдермен қатар Австрия компаниялары жергілікті ұжымды сол техниканың тіліне үйретуге де дайын.
- Біз өнеркәсіптік автоматизация саласындағы тың технологияны ұсынамыз. Ол жан-жақтылығымен ерекше. Яғни агроөнеркәсіпке де, өндіріске де, машина жасау мен мұнай-газ саласына да енгізуге болады. Аталған жүйе өндірісті оңтайландырып, жұмыс сапасын арттыруға жол ашады дейді, - жиында өз өнімін таныстырған B&R industrial automation компаниясының өкілі Тимур Нагаев.
Таныстырылмнан кейін шетелдік компания өкілдері жергілікті кәсіпорын басшыларымен жеке дара кездесіп, ынтымақтастықты арттыру бағыттарын өзара талқылады.
Арман КУРМАНАЛИЕВ