Бөрлі ауданына әкім болып Миржан Сатқановтың тағайындалғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Бір жылдан аса уақыт көп болмаса да, басшының өңірдің алдағы бағыттарын айқындауға, жоспарларын байқауға болатын уақыт. Жыл аяғында ауданда атқарылған жұмыстар туралы Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқановтың өзінен сұраған едік.
- Осыдан бір жыл екі ай бұрын облыс басшысы сізді Бөрлі ауданына әкеліп тағайындаған күні аудандағы түйіткілді мәселелерді аз уақыт ішінде шешімін табуды тапсырған болатын. Келген күннен бастап ауданда өзіңіз қолға алған шаруалар қандай?
- Тағайындалғаннан кейін облыс басшысымен бірге актив жиыны өтті. Осы жиналыста ең бірінші қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тазалау мәселесі қаралды. Төрт-бес айдың ішінде әкімдік қызметкерлері мен асар ұйымдастырған жанашыр, патриот азаматтардың арқасында мәселенің шешімі табылды. Сонымен қатар қатты қалдықтар сақтау полигонын қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Жалпы елде пандемия орын алғанымен, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жаман емес. Жыл басында инвистиция тарту, басты және жалпы жобаларға қаржы бөлу жоспарланған болатын. Әрине, өңірде барлық сала маңызды. Биылғы жылы 600-ден астам жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 2,5 миллиард теңге қаражат республикадан бөлінді. Сонымен қатар облыстық және аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Ауданда мектеп ғимаратына күрделі жөндеу, бірнеше көше жолдарын жаңарту, кәріз жүйесін қалпына келтіру, ауылдық округтерге су тарту жұмыстары жоспарланды. Жыл басында жоспарланған шаруалар біртіндеп жүзеге асырылуда.
- Сіз Бөрлі ауданын алдағы уақытта кезең кезеңмен дамыту жоспарын ұсынған едіңіз. Қысқа, орта және ұзақ мерзімге бөлінген жоспар жүзеге қалай асырылуда?
- Бүгінде Бөрлі ауданында 56 мың, ал Ақсай қаласында 42 мың халқы бар. Жалпы жоспарланған жұмыстардың басым көпшілігі тұрғындардың талап-тілегінен туындайды. Жоғарыда айтылған негізгі жұмыстар қысқа мерзімді дамыту бағдарламасы аясында бүгінде аяқталуға жақын. Сонымен қатар қала ішінде кедергі келтіріп тұрған ағаштарды кесу, қоғамдық көлік, маршрут мәселесі бір жолға қойылды. Орта мерзімді кезеңге негізінен үш жыл уақыт ішінде атқарылатын инфраструктуралық жобалар қолға алынады.
Ұзақ мерзімді кезеңде электр желілерін толығымен жаңарту жұмыстары қолға алынбақшы. Бүгінде электр желілерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Алдағы 7 мен10 жыл аралығында желілерді толықтай ауыстыру жоспарда бар. Ауылдық округтерге жарық жиі сөнетіні жиі айтылып жүр. Осындай ірі жобаларға инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Мәселен, қатты қалдықтар сақтау полигоны мәселесі қысқа мерзімді кезең аясында шешілгенімен, енді ұзақ мерзімгі жоба аясында заман талабына сай жасақталған жаңа орын табуды
жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қаланың кәріз жүйесі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыдан екі ай бұрын облыс әкімі ауданға келген сапарында Ақсайдан 3 шақырым қашықтықта орналасқан кәріз ағынды су тазартатын қондырғының жайын қарады. Нысан 1987 жылы пайдалануға берілген. Техникалық байқауға сәйкес қондырғының бүгінгі жағдайы мүлдем сын көтермейді. Су тазалау қондырғысының бірі істен шыққан, екіншісі суды тиісті деңгейде тазалауға қауқарсыз. Мәселені шешу мақсатында қайта құру жобасы әзірлеп, жылдың аяғына дейін инвесторларды табуды көздеп отырмыз. Яғни, су тазартатын қондырғыны жөндеп, қайта тазаланған суды шаруашылыққа, ағаштарды суаруға пайдаланылатын болады. Еліміздегі орын алған эпидемиологиялық жағдай кейбір жұмыс жоспарларды өзгертті, дегенмен де ауданда орындалуға тиісті жұмыстардың 85 пайызы атқарылды.
- Бөрлі ауданында халықты жұмыспен қамту, соның ішінде шағын және орта бизнес саласы қалай жүзеге асуда? Ауданның өз кірісінің көбеюі үшін қандай жоспар бар?
- «Ас – адамның арқауы» демекші, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында ауыл шаруашылықты дамыту көзделуде. 2019 жылға арналған әртараптандыру меморандумына сәйкес жылдық дәнді-дақылдардың 9650 гектары игерілуі тиіс болса, биыл 12400 гектар жерге дәнді-дақылдар себілді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл егістік көлемін 47 пайызға өсірдік. Мал басын көбейту, мал бордақылау алаңдарын көбейту мақсатында жұмыстанудамыз. Соның ішінде де жылыжайлар салуда жоспарлар бар. Орал қаласында қазіргі күні екі үлкен жылыжай салынды. Ақсайда гүл өсіретін жылыжай салу үшін инвестор табылды. Сонымен қатар бау-бақша өнімдерін өсіретін шаруаларды қолдап отырмыз. Бөрлі ауданы кеңес уақыты кезінде шаруашылықпен атағы шыққан аудандардың бірі болатын. Сондықтан қажетті жер көлемі де жеткілікті, бақша суаратын су мәселесін шешу бойынша әлі де жұмыстанамыз. Шыққан өнімдерді өзіміз тұтынып қана қоймай, көршілес елге саттыққа шығаруға жағдайларды қарастырудамыз. Жалпы нарықта бизнестің 80 пайызы шағын және орта бизнесті құрайды. Ауданда кәсіпкерлік саласының көпшілігі мұнай саласына бейімделген. Біздің негізгі мақсатымыз - бірінші ауыл шаруашылық саласын дамыту, екінші өңдеу саласын, үшіншіден мұнай саласына бейімделген шағын және орта бизнестің жергілікті үлесін жоғарлату үшін өндіріс салаларын ашу. Қазіргі таңда ауданда екі шағын зауыт салынды, бірі – күн панельдерін, яғни батареяларын шығаратын, екіншісі – қаланы жарықтандыратын шамдарды шығаратын зауыт. Сонымен қатар өз бизнесімді ашамын деген азаматтарға арналған шағын индустриалды аймақ құру жоспарда бар. Яғни, бірнеше жоба барлық жағдайы мен мүмкіндіктер қарастырылған шағын аймақта жүзеге асады, бизнесін дамытады. Бұл толық іске қосқанда бірнеше адам жұмыспен қамтылады. Бұл шаруалардың жүзеге асуы уақыт пен қаражатты қажет етеді дегенмен де, алдағы күндегі шаруалар. Жалпы ауданда кәсіпкерлік саласы бойынша 4713 шағын және орта бизнес нысандары тіркелген.
- Бұл жоспарлар өзіңіз 2019 жылдың басында ұсынған «Смарт Ақсай» жобасына ене ма? Қазір жоба қаншалықты жүзеге асуда? Жоба өзге қалалардан несімен ерекше? Ақсай қаншалықты өзгереді?
- 2020 жылы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе Ақсай қаласын «SmartAksay» жобасы ақылды қалаға айналдырғымыз келген жоба өкінішке орай, пандемия кесірінен кейінге қалдырылған болатын. Жобалық сметалық құжат дайын, міндетті түрде іске асырылады. Қалада шамамен 500-600 бейне камера орнатылады. Біз өз кезегімізде жобаға жұмсалған қаражатты қайтару туралы келісімшарт жасасамыз. Алдымен қалада барлық жерде бейнекамералар орнатылады. Көптеген қызметтер «ақылды» құрылғылардың бақылауда болады. Автоматты жүйеде жұмыс жасайтын жоба арқылы көптеген шығындарды үнемдеуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, жолда жылдамдықты шектейтін аппараттар болады. Сонымен қатар, қаладағы барлық көше шамдары ауыстырылмақшы.
- Еліміз төтенше жағдай кезінде аудан халқы қандай қолдау көрсетті? Жәрдемақы, азық-түлікпен қамтамасыз ету жай қалай болды?
- Шектеу басталғанда карантиндік және провизорлық орын әзірленіп, жұқпалы ауруларды емдейтін аурухана ашылды. Ауруханада алғашқыда 10 орындықтан 100-ге жеткізілді. Жасанды өкпені желдету аппараты мен оттегінің жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапты. Аппараттарды алуға жергілікті кәсіпкерлерден бастап, тұрғындар да қолдады. 40 аппарат есепшотқа түскен қаржыға сатып алынса, компаниялар адам ағзасына медициналық сараптама жасайтын қымбат аппартат пен автокөліктер тарту етті. Біз өз тарапымыздан дәрігерлердің уақытша мекен ететін орындарын дайындадық. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, ет үлестірілді. Аудан халқы қиын кезде қолдау көрсеткеніне ризашылығымды білдіремін. Індет әлі жойылған жоқ, сондықтан да тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырамын.
- Биыл Бөрлі ауданы үшін елеулі жыл. Ауданның құрылғанына 85 жыл толды. Қазіргі елдегі індетке байланысты көптеген шектеулер болды, әлі де бар. Атаулы күнге орай ауданның құрылу жолында тер төккен еңбек адамдары еңбегі қалай еленді?
- Биыл елімізге әйгілі, мұнайлы Бөрлі ауданына 85 жыл толды. Аудан тарихы мен еңбек адамдарының есімдері енгізілген энциклопедия жарық көрді. Өмірі еңбегімен өрілген, ауданға еңбегі сіңген азаматтарға арналағн көрме өтті. Сонымен қатар ауданның еңбек адамдарын марапатталды. Әрине, бұрынғыдай халықты жинап, үлкен концерт, спорттық шаралар ұйымдастырылған жоқ, Алайда кездесулер, іс-шаралар мен көрмелер онлайн форматта өтті. Ауданда салынған әлеуметтік нысандардың ашылуы мерейтоймен тұспа-тұс өтті.
- Білікті кадрларды құру қажеттігін жиі айтасыз. Келгелі команда ауыстырдыңыз ба?
- Жоқ, кадрларды ауыстырмадым. Себебі, Бөрлі – өзге аудандарға қарағанда ерекше өңір, мұнда мүмкіндік те көп, шаруа да аз емес. Ауданда өз ісін білетін азаматтардың жұмыс істейтінін байқадым, көрдім, көңілімнен шықты. Мұнда облыстан білікті кадрларды қызметке жібереді, оларға да белгілі мерзім беріледі. Бөрлі - мұнайлы өлке дегенмен де, атқаратын шаруа көп. Біріншіден, маған дейін де жұмыс жасаған азаматтардың жұмысын жоққа шығарғым келмейді. Екіншіден, күн сайын әртүрлі мәселелер пайда болады, өңірде өз ісінің мамандары болмаса, білмейтін адамға жұмыс істеу қиынға соғар еді.
- Миржан Мұнайдарұлы, атыңызға айтылған сынды қалай қабылдайсыз?
- Адам баласы болғандықтан кез келген адам айналадан сыни пікірлер естіп қалатын жағдайлар болады. Мен өзім қоршаған ортаның сынын қабылдай аламын, шыдаймын. Соның ішінде сынның астарына үңіліп, мәселенің шешілетін жолы болса, нұр үстіне нұр. Сын бар жерде халықтың талабы да көбейді. Соңғы кездері әлеуметтік желіде өзіме және әріптестеріме атқарылған жұмыстар туралы тұрғындар әртүрлі пікірлерін жиі білдіріп жатады. Мен сынды жеңіл қабылдаймын, жұмыстың нәтижесін білуге мүмкіндік дер едім. Тек қана жұмыс істемейтін адамда қате болмайды.
- Отбасыңыз туралы айтсаңыз?
- Үйленгенмін, жолдасыммен 17 жылдан бері бірге тұрамын. Жолдасым Атырауда білім алса, мен шетелде оқыдым. Үш қызым бар, кішісі – 5-те. Ата-анам, бір інім, бір қарындасым бар.
Әңгімелескен Жайнагүл Жеңісқызы
Мы дорожим каждым нашим подписчиком и читателем, поэтому, пожалуйста, внимательно ознакомьтесь с рекомендациями при комментировании.