Батыс Қазақстан облысында 60 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алған. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Вакцина салғындардың басым көпшілігі, 55 мыңнан астамы ересек адамдар екен. Сала мамандары бес мыңнан астам батысқазақстандық балалардың да тұмауға қарсы екпе алғанын хабарлады.
Сырқатқа қарсы екпені 378 медицина қызметкері мен 688 жүкті келіншектер салдырған.
- Тұмауға қарсы вакцинация - аурудың алдын алудың және оның ауыр ағымынан, ықтимал асқынуларынан қорғанудың тиімді жолдарының бірі. Әсіресе балалар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар үшін екпенің маңызы зор, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Биыл тұмауға қарсы екпе егу науқаны алтыншы қазанда басталды. Батысқазақстандықтарға вакцина егу үшін қазынадан 68,9 миллион теңге жұмсалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 68 мыңнан астам тұмауға қарсы екпені сатып алды. Вакцина– Ресейдің өнімі. Биыл да тұрғындарға "Грипол+" екпесі салынды.