БҚО-да интернет алаяқтары 182 млн теңге шығын келтірген
БҚО-да 2025 жылдың үш айында интернет алаяқтарынан 182 млн теңге шығын келген.

2025 жылдың үш айында Батыс Қазақстан облысында интернет алаяқтарының арбауына 129 адам түскен. Бұл полицияға арыз жазған адамдардың саны тек. Әлі күнге дейін инвестицияға сеніп, аз уақытта байып кетемін деп жүргендер қаншама?! Облыстық полиция департаменті интернет алаяқтарынан келген шығын 182 миллион теңгеден асып жығылатынын хабарлады. Ең үлкен сомма 15 миллион теңгені құрапты. Зардап шеккен азаматтың депозитінен ақшасын жымқырып, несие рәсімдеген.
— Бәріңізге мәлім қазіргі уақытта интернет алаяқтық - ең өзекті мәселердің бірі. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің проблемасына айналды. Батыс Қазақстан облысында тоқталып кететін болсақ, осы үш айдың қорытындысы бойынша облысымызда 129 интернет алаяқтық қылмысы тіркеліп отыр. Ол өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға немесе 28 фактіге өсіп отыр. Тоқталып кететін жайт мына, 129 тіркелген қылмыстың 51-і өткен жылы орын алған. Жәбірленушілер жай хабарласып тұр. Қылмыстар 2024 жылы орын алды. Жәбірленушілер 25-ші жылы арыз жазды, - дейді Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары Олжас Шүйіншалиев.
Алаяқтар түрлі әдіс-тәсілді қолданып, тұрғындардың тапқан-таянғанын жымқырады. Қазіргі таңда қылмыскерлер бірде банк, бірде «Қазпочта», коммуналды қызметтің маманы болып өзін таныстырады. Адамның сеніміне кіріп, 1414-тен смс хабарлама жібереді. Смс-те адамның барлық жеке дерегіне қол жеткізуге арналған құпия код болады. Осы кодқа ие болған алаяқтар зардап шеккен адамдардың атынан онлайн несие рәсімдейді. Интернет алаяқтарының алдын алу үшін Батыс Қазақстан адвокаттар алқасының адвокаты елімізде онлайн несие беруді тоқтатуды ұсынды.
— Қазіргі таңда ғаламтор дамыған заманда әлеуметтік желі дейміз, жарнамалар өте көп. Қазіргі таңда адамдар алданып қалып жатыр. Адамдарды әртүрлі жолмен алдап жатыр. Біріншісі - ол онлайн несие алу, кредит. Сондықтан көбінесе үлкен кісілер алданып жатыр. Тоқтау жолын айтатын болсақ, eGov арқылы «Стоп-кредит» бағдарламасымен егде жастағы жандарға несиені тоқтау қойып қоюға болады. Ол үшін құқық қорғау органдары, қазір учаскелік полиция қызметкерлері үй-үйлерді аралап түсіндіріп жатыр. Бірақ адамдар оңай пайда көргісі келеді. Жедел ақша тапқысы келеді. Сондықтан үлкен кісілер ғана емес былай да алданып жатқандар көп. Мысалы, студенттер. Банкке аяқтай баратын болса, ондай көлемде кредит (несие) берілмейді, ала алмайды. Бірақ онлайн арқылы несиеге рәсімдеп береді. Жалпы бұл проблеманы тоқтату үшін біздерде биометриялық идентификация бар. Телефонда фотоға түсіріп отырып, сіз екеніңізді куәландырып, несиені рәсімдеуге береді. Егер де банк толықтай биометрикалық идентификацияны нақтылай алмаса, қателік жіберіп жатса, оны тоқтату үшін онлайн несиені мүлдем тоқтату керек. Неге десеңіз мұндай практика көп елдерде бар. Онлайн өтініш беруге болады. Бірақ алатын уақытта, ақшаны алатын уақытта банкке аяқтай бару керек. Ең болмаса бастапқы әзірде онлайн өтініштердің барлығын онлайн беріп, бірақ ақшаны аларда мысалы аяқтай бару қажет. Немесе мүлдем онлайн кредитті тоқтату. Былай қарағанда кредитті адамға береді. Оны ала алмайды. Содан кейін тұрғындар алданып жатса, онда банк қызметкерлері де соның ішінде жоқ па деген үлкен сұрақ туады? Неге десең біздер қазір персональный данный орысша айтқанда интернетте толып жүр. Банк қызметкерлері аталған құпия сөздерді сұрауға қақысы жоқ. Банк қызметкерлері түсіндіріп те айтып жатады. Бірақ бәрібір алаяқтар оны да айналып өтеді. Адамдарды неше түрлі жолмен алдап жатыр,- дейді Батыс Қазақстан адвокаттар алқасының адвокаты Жомарт Ерназаров.
Адвокат қазіргі таңда жеке тұлғалардан бөлек, жаңадан кәсіп ашқан кәсіпкерлер де алаяқтардың құрбаны болып жатыр деп дабыл қағуда. Қылмыскерлер жаңадан ашылған кәсіптің ақша айналымын көбейту үшін көмектесеміз деп алдайтын көрінеді. Үлкен соммадағы несиені рәсімдегісі келетіндер бұл ұсынысты қабылдап, қарызға батады. Алаяқтардың жеке кәсіпкерлердің есепшоттарына ақша аударып, бизнестің атынан қыруар несие рәсімдейді екен.
— Жаңа құрылған ИП-лар (жеке кәсіпкерлер) өздерінің обороттарын (ақша айналымы) өсіру үшін, несие алу үшін, кредитный историясы жақсы болуы үшін (несие тарихы) счеттағы ақшасы жоғары болуы керек. Сондықтан олар да интернет алаяқтарына алданып жатыр. «Осылай обороттарыңызды (ақша айналымын) айналдырып береміз, сондықтан Каспийге тіркеліңіздер»,- дейді. Олар соған барады. Содан кейін удаленный оплата (қашықтан төлеу) жүргізіп, олардың шоттарын айналдырады. Басында бірақ оларға алаяқтық жолмен тауар рәсімдейді. Кейін ақша да жоқ, тауар да жоқ. Кейін олар да енді өздері соған қатысымыз бар деп полицияға жүгінбей отырады. Кейін олар да дроппер сияқты болып қалады да, жәбірленуші арызына жазғанда азаматтық тәртіппен өндіріп жатады. Жеке кәсіпкердің мысалы ешқандай оборты(ақша айналымы) жоқ. Бір күнде 12 миллион теңгеден 47 миллионға дейін несие рәсімдеген.Алданып қалып, кейін өздері төлейді,- деді Жомарт Ерназаров.
Осы тұста көп уақыт жоғалтпай, пайдаға кенелемін деп опық жеген жандар да аз емес. Тез уақытта байымын деген адамдар да алаяқтардың құрбанына айналып отыр. Алаяқтар инвестицияға ақша салуды ұсынса, енді бірі қаржылық пирамидаға қаражатын салып жібереді. Қазіргі таңда шетелден отырып, азаматтардың есепшотынан ақшаны жымқырып жүргендер жастардың шоты арқылы алданған қаражаттарды аударуға әуес. Облыстық полиция қызметкерлері 2025 жылдың үш айында жеті-сегіз адамның жеті миллион теңгедей қаржысын қайтарып берген. Делдал қызметін атқарып жүрген дропперлерге қатысты Қылмыстық кодексте жауапкершілік көзделмеген. Бірақ Жоғарғы соттың қаулысы негізінде азаматтық негізде келген шығын өндірілуде. Қоғамда бұл әдіс интернет алаяқтығын жою үшін еш нәтиже бермейді деген пікір бар.
— Бірақ бұл мәселені шешпейді, тоқтатпайды. Салдарымен күресіп отырмыз. Сондықтан Қылмыстық кодексте дропперлерге қатысты жауаптылықты қарастыру керек. Қажет болса, бұл мәселені күшейту керек. Кеше ғана бұл мәселені Парламент депутаты Базарбек те мұны көтерген еді. Екіншісі бұл жолда енді бізде киберполициясы бар, басқа қызметкерлер бар, солардың біліктігін арттыруымыз керек. Неге десеңіз, қазіргі таңда интернет алаяқтар білім жағынан олардан бір саты жоғары тұр, - дейді адвокат Жомарт Ерназаров.
Алаяқтардың құрбандары кімдер? Қылмыскерлердің құрығына кімдер ілігеді деген сауалдарымызды 27 жылдық тәжірибесі бар психолог Құралай Шамұратқызынан сұрадық.
— Бірінші, алаяқтардың құрбаны болатын тәуекел тобына барлық адамдар жатады деп айтуға болады. Екіншіден, алаяқтардың мақсаты жететінін адамдар кімдер десек, ең бірінші эмоционалды тұрақсыз адамдар деп айтуға болады. Бұл өзінің жеке ерекшеліктеріне байланысты емес. Адамның дәл сол уақытта алаяқпен қарым-қатынас жасаған кезеңде күйі қандай болды? Күйзелісте жүрді ма? Я болмаса стресстік күйде жүр ма? Соған байланысты болады. Себебі адам фокусы шашыраңқы болады да, келген ақпаратты талдай алмайды. Сол себептен алаяқтың өрмегіне түсіп қалуы мүмкін. Екінші жағдайда үлкен адамдар алданып қалуы мүмкін. Сосын мына гаджет, технологиялардан хабары аз адамдарда тәуекел тобына жатады деп айтуға болады. Одан кейін қаржылық қиын жағдаяттарда жүргендер түсуі мүмкін. Асығыс шешім қабылдап, сенгіш келетін адамдарда болады. Ол адамдарға алаяқтың мақсатына жетуіне мүмкіндік береді,-дейді психолог Құралай Шамұратқызы.
Алаяқтар тұрғындарға түрлі манипуляция жасайды. Олар көбінесе, қорқыныш, қуану мен сүйішпеншілік эмоциясын сыйлайды екен.
— Ең бірінші қорқыту үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданады? Қазір жасанды интеллектің заманы деп айтамыз. Бет-әлпетті жасап алады, дауысын жасап алады. Видеоны да монтаж жасап алады деп айтамыз. Өзінің жаны ашитын адамдарға қатысты бір жағдаяттарды ойластырып тауып, сол адамға жіберіп, адамға қорқыныш сезімін тудырып, ақшаны алуды көздейді. Екіншісі- қуаныш. Қаржылық қиындықтарда жүрген адамдарға қуаныш сезімін сыйлауы мүмкін. Жалған лотериядан ұттыңыз, байқаулардан ұтып алдыңыз деген сияқты. Я болмаса жалған инвестициялар, аз сумма салып, жоғары сумманы ұтып аласың, аз уақыттың ішінде байып кетесің деген сияқты. Әрбір эмоция бірнеше сатыларыдан тұрады. Қуаныштың өзін алатын болсақ, қызығушылық тудырады. Қуаныштың өзі базалық эмоция болатын болса, одан кейін эйфория тудырады. Эйфория туғызған кезеңде эмоция адамды басқарады. Ол адекватты өзін-өзі басқара алмайтын күйге жетеді деп айтамыз. Сіз де бізге де бәрімізге ондай хаттар келді. Бәріміз де қандай болатынын шамамен білеміз. Осындай жағдай енді не істеу керек? Ең біріншіден адам деген үзіліс алу керек. Бірден асығыс шешім қабылдап, сол алаяқтың арбауына түсіп қалмауы керек. Екіншіден, кез-келген адамның жақын-жуығы бар, көршісі бар. Сол адамға ақпаратты бөлісу керек деп есептеймін. Бірден шешім қабылдамау керек. Өйткені адам шешім қабылдаған кезде, ойланбай қалады. Сосын эмоциялары басқарып кетеді. Артынан өкініш жағдай туып жатқаны. Адамдар сауатты болуы керек,-дейді психолог Құралай Шамұратқызы.
Тәртіп сақшылары, психолог пен адвокат бірауыздан алаяқтардың қармағына ілініп, қаржыңызды жымқырған кезде уақыт жоғалтпай, полицияға арыз жазуға кеңес береді. Сіздің шоттағы ақшаңыз он минут пен 24 сағаттың ішінде дроппердің есепшотынан алаяққа аударылады екен. Неғұрлым шапшаң қимылдасаңыз, бар тапқан таянғаңызды қайтаруға мүмкіндік зор.