Оралда «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты өзге ұлт өкілдерінің арасында тіл байқауы өтті. Тілдер күні мен дәстүрлі тіл фестивалінің аясында өткен сайысқа өңір аудандары мен қаладан 13 үміткер қатысты.

Фото yvision.kz сайтынан алынған
Дәстүрлі тіл байқауы 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл жолы да 18 бен 30 жас аралығындағы үміткерлер байқауда мемлекеттік тілді білу шеберліктері бойынша сынға түсті. Әр аудан мен қаладағы мектеп, балабақша, жоғары оқу орны, мекемелерде қызмет ететін олар әуелі іріктеу кезеңінен өткен.
- Байқаудың негізгі мақсаты – Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау және оларды ынталандыру, әрі қарай сол тілге деген насихатты, патриотизмді қалыптастыру, ұлтаралық ынмақтастықты нығайтуды көздейді, - дейді шараны ұйымдастырушы, БҚИТУ оқытушысы Айдарбек АҚБОЛАТОВ.
Тіл байқауында қатысушылар өздері жайлы мемлекеттік тілде мағлұмат беріп, мақал-мәтелдерді жатқа айтты. Қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің туындыларын оқып, өз өнерлерін көрсетті.
Соңғы бөлімде іс қағаздарын орыс тілінен мемлекеттік тілге аударып, берілген тапсырма бойынша сөйлем құрады. Кіл жүйріктен кім жүйрік шықты десек, байқау қорытындысында 13 үміткердің ішінен бөкейордалық Нысанбек Шарафутдинов топ жарды.
Енді жеңімпаз Астана қаласында өтетін тіл байқауында облыс намысын қорғайтын болады.
Тіл - ұлт байлығы. Әр ұлт өз тілін қадірлейді, сыйлайды және болашаққа, келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады. Тіл - ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы жинақтаған бағасы жоқ мәдени байлығы. Біздің отанымыздың тілі – қазақ тілі.
Қазір қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық тілі. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі – республикадан тыс елдерде тұрып жатқан қазақтардың тілі. Қазіргі таңда жер бетінде 13 миллионға жуық қазақтар өмір сүреді.
Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал1929 жылдан 1940 жылға дейін латын алфавитін қолданған. Одан бері қарай орыс графикасын қолдануда.
1989 жылы “Тіл туралы заң” қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесін алды. Кейін 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілді.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік рәміздердің бірі болып табылады. Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасының әрбір азаматынан іс қағаздарды мемлекеттік тілде жазуын талап етеді. Әрбір ұлттық мемлекетте мемлекеттік тіл – ол елдің мақтанышы. Өйткені мемлекеттік тілде мемлекеттік дәрежеде маңызы бар құжаттар жазылады.
Арман Курманалиев