«Нұрлы жер» бойынша 577 адам ипотека алған

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы - баспаналы болғысы келетін жандарға нақты қолдау. Өз үйін армандаған адам баспана мәселесін банктерден оңтайлы несие алу арқылы шеше алады. Немесе пәтерді арзан бағаға жалға алып, қоныстойын тойлауға мүмкіндігі бар. Рақымғалиевтер отбасы 25 жыл баспана кезегінде тұрған. Былтыр Тұңғыш Президент күні қуанышқа кенеліп, жаңа пәтердің кілті қолына тиді. Көп жыл мұғалім болған отағасы арманы орындалғанына дән риза. Пәтерді «Нұрлы жер» бағдарламасының көмегімен жалға алып отыр. Үш бөлмелі тұрғынжай көпбалалы шаңырақтағы ұл-қыздың шат күлкісіне толып, әз ұясына айналған. -  Бір жылға жуықтап қалды осы пәтерді алғанымызға. Үйдің сапасы жақсы. Көңілден шығады. Пәтердің жобасы да жақсы. Бөлмелері кең, ыңғайлы. Өте қуаныштымыз осындай жаңа үйде тұрып жатқанымызға. Осындай мемлекеттік бағдарламалар еліміздің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен көмек деп ойлаймын. Әрі қарай да жалғаса берсін. Халық игілігін көрсін, - дейді М.Мөңкеұлы көшесі 85/2 үйдің тұрғыны Айдарбек РАҚЫМҒАЛИЕВ. Бағдарлама шарты бойынша жалдамалы баспана әлеуметтік жағынан қорғалмаған азаматтарға арналған. Мұндай санатта 18 мыңнан астам адам кезекте тұр. Ай сайынғы төлем 4 мың теңгеден басталады. Келешекте «Нұрлы жер» бойынша жалдамалы баспаналардың қоры құрылмақ. Бүгінде өңірде 13 үй салынып жатыр. Соның 7-уі "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі" желісі бойынша, 2-уі жалдамалы, тағы 2-уі Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы және "Қазақстан ипотекалық компаниясы" желісімен бой көтеруде. Сондай-ақ Ақсай қаласында да көпқабатты бір үй құрылысы аяқталуы жақын. Бағдарламаның жаңа бағыты - енді екінші деңгейлі банктерден де ипотекалық займдар арқылы баспана алуға мүмкіндік бар. - Енді тек "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі" арқылы ғана емес, екінші деңгейлі банктерден де бастапқы үйге займ алуға болады. Оның 7 пайызын "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ субсидиялайды. Мәселен, екінші деңгейлі банк 17 пайыз несие береді. Соның 7 пайызын компания субсидиялайды. Сонда қарыз алушы тек 10 пайыздық ипотека алады. Бағдарламаның осы мүмкіндігін пайдаланып, баспана алған тұрғындар бар өңірде, - дейді Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман ӨКСІКБАЕВ. Күні бүгінге дейін «Нұрлы жер» бойынша Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы 577 адам ипотека алған. Сондай-ақ бағдарлама жеке құрылысшыларды ынтыландырады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен тұрғынжайдың көбеюіне үлкен сеп. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp