«Алтын болашақ» қожалығы жылыжай шаруашылығын 2009 жылы қолға алған. Қазір мұнда аумағы 150 мың шаршы метр болатын, 16 жылыжай жұмыс істеп тұр. Негізінен бақша дақылдары мен көкөніс отырғызылады.

- Біз жыл сайын топырақты ауыстырып тұрамыз. Өткен жылы 8 жүк көлікпен қарашірік түсірдік. Бақша дақылдарын Орал қаласының базарлары мен сауда орындарына көтерме бағамен сатамыз. Биылдың өзінде 140 тонна қияр өсірдік дейді, - шаруа қожалығының жетекшісі Еркін Насыров.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов, өсімдік өсіру технологиясымен танысып, шаруашылықтың даму барысына оң баға берді. Қолға алған істі одан әрі өрістетіп, агротехникалық тың тәсілдерді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Биылғы ауа райы аудан диқандарына оң қабақ танытты. Көктемде жерде ылғалдың терең болуы, әрі аптап ыстық пен аңызақ желдің жоқтығы мол өнімге негіз болды. Ендігі міндет осы ырысты ысырапсыз жинап алу. Аудан бойынша 215 мың га дәнді дақыл отырғызылған. «Шонайбек» шаруа қожалығының егіс көлемі 4663 га. Онда жаздық және күздік бидаймен қатар, көпжылдық шөптер, бұршақ тұқымдас дақылдар өсірілуде.
- Біз тұрған учаскенің аумағы 576 га. Экспарцет және түйе бұршақ отырғызылған. Бұлар мал үшін жоғары калориялық азық саналады. Әрі аталған өсімдіктер жердің құнарлығын арттырады. Өз кезегінде мемлекет егістің әр гектарына 10 мың теңге көлемінде субсидия бөледі. Бұл қаржы әсіресе, далалық жұмыстар қарсаңында елеулі көмек дейді, - шаруашылықтың басшысы Сергей Шонайбеков.
Былтыр мол өнім алған «Асан ауылы» серіктестігі, биыл да қамбаны толтыруға үмітті. Қазір, 8 мыңға жуық га алқапта түрлі дақылдар жайқалып өсіп тұр. Негізінен күздік және жаздық бидай және күнбағыс. Сондай ақ жылдан жылға шаруашылық арпа, тары, судан шөбінің де аумағын ұлғайтып келеді. Егіс алқабында болған облыс әкімі жұмысшылармен жүздесіп, далалық жұмыстарға дайындық барысымен танысты.
- 25 жылда мол өнім алған кездер аз емес. Бірақ, биылғы жыл одан асып түспесе кем болмайды дейді, - «Асан ауылы» ЖШС директоры Бейбіт Асанов.
Осы орайда өнімді шашау шығармай жинап алу, басты міндет деді, - өңір басшысы алтай Көлгінов. Бүгінде аудандағы 41 552 га күздік бидайдың 3 мыңнан астамы орылған. Орташа өнімділік гектарына 24,2 центнерді құрап отыр.
Арман КУРМАНАЛИЕВ