«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015-19 жылдары өңірде инфрақұрылымды жаңғырту мен кәсіпкерлікті қолдауға қомақты қаржы бөлінді.

Қаражатты толық игеру, әрі жоспарлы жобаларды іске асыру облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң әсер етпек.
«Нұрлы жол» бағдарламасы өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Солардың қатарында инфрақұрылым саласы да бар. Өйткені облыста тозығы жеткен су, жылу, жарық желілері мен тас жолдар жетіп артылады. Бұл бағытта 9 жоба жүзеге асуда. Оның басым бөлігі ауызсумен қамту жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Бұл үшін республикалық қазынадан 2,5 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары қазір Ақжайық, Бөрлі, Зеленов және Сырым аудандарында жүргізілуде. БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбану САТЫБАЛДИЕВАНЫҢ сөзінше:
- Ақжайық ауданында Атамекен, Базаршолан, Қабыршақты ауылдары, Зеленов ауданында Көшім, Щапов ауылдары, Сырым ауданында Қоңыр ауылы және Бөрлі ауданында Бөрлі мен Александровка ауылдарына ауыз су құбырлары тартылып, қалпына келтіріледі. Сонымен қатар жылу желілері бойынша Ақсай қаласында бір жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы 2015-19 жылдарды қамтиды. Осы аралықта өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге күш салынады. Сондықтан құрылыс жұмыстарымен бірге, жаңа жобаларды әзірлеу де қолға алынған. Әсіресе жылу желілерін жаңартуға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бағыттағы негізгі жұмыстар 2018 жылға жоспарланған.
- «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы бойынша бүгінгі таңда №2 және №7 жылу магистарльдары бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бүгінгі күні аталмыш жобаларды жүзеге асыру 2018 жылға жоспарлануда. Қаражат бөлінгеннен кейін аталған жобалар іске асады, - деп түсіндірді облысиық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбану САТЫБАЛДИЕВА.
Биыл Бөрлі ауданындағы Бестау су қоймасының құрылысы аяқталмақ. Жобаны жүзеге асыру өткен жылы басталған болатын.
Содан басқа, Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жалпы құны 23,1 млрд теңге тұратын «Орал - Тасқала - РФ шекарасы» жолын (4-104 км) күрделі жөндеу жалғасуда.
Арман КУРМАНАЛИЕВ