Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, алдымен Орал қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысты.

Қаңтардан бастап жұмыспен қамту орталықтарының жүктемесі еселене түспек. Бұл әлеуметтік қамсыздандыру бойынша бірқатар қызметтердің толығуымен байланысты. Сондықтан орталықтар көп халықты қабылдауға дайын болуы тиіс. Осы орайда қалалық жұмыспен қамту орталығы жуырда электронды кезек жүйесін енгізді. Бұл қызмет көрсетуді оңтайландырып, сапасын арттыруға мүмкіндік жасап отыр. Министр автоматты кезек жүйесімен бірге, әлеуметтік келісімшарттарды толтыру барысын да бағамдады. Тіпті кейбір құжаттардан қателік те тапты. Қазір Орал қаласы бойынша жұмыссыздық деңгейі 1,2 пайызды құрайды. Бірақ аталған көрсеткіш жыл соңына дейін 0,6 пайызға төмендемек. Бұл еңбекпен қамту бағытындағы кешенді шаралардың нәтижесінде іске асады.
- Жыл басынан бері орталық 9070 адамды қабылдаса, соның 6 мыңна астамы түрлі мемлекеттік қолдау көрсетілді. 3600 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай ақ жастар практикасы, қоғамдық жұмыстарға тарту да қарастырылған дейді, - Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов.
Зенит зауытында министр өңірдегі ірі компания басшыларымен кездесті. Арнайы жүргізілген сауалнамаға сай еліміздегі 10 мың кәсіпорынның 48 пайызы өндірісті жаңғырту және әртараптандыруды мақсат етіп отыр. Тиісінше жаңа технологияларды енгізудің жұмысшыларды қысқарту сияқты кереғар тұсы да бар. Мұндай тәуекелдің бар екендігін мыңға жуық жанды еңбекпен қамтып отырған Зенит зауытының басшылығы да жасырмайды.
- Өндіріс жоспарындағы құрылымдық өзгеріс қысқартуға себепші болуы ықтимал. Өйткені зауыт жылдар бойы мемлекеттік-қорғаныстық тапсырысты орындап келеді. Қазан айына дейін өндіріс толық қуатта істеп келсе, қазір жұмыспен ішінара қамтылған. Соған қарамастан адамдарды еңбекпен қамтуға тырысудамыз. Желтоқсанда анық-қанығы белгілі болады. Егер мемлекеттік-қорғаныстық тапсырыс аясында жұмыстар жалғасса осы қалыпта істей береміз. Ал олай болмаса, желтоқсанның аяғы, қаңтардың басы 260 адамды жұмыстан бостауымыз мүмкін. Оның 90-ы мамандар. Қалғаны түрлі кәсіп иелері дейді, - Зенит зауытының директоры Вячеслав Валиев.
Осыған орай министр нақты шараларды қабылдау қажеттігін ескертті.
- Егер сіздің өндірісте жаңғырту немесе әртараптандыру іске асар болса онда нақты бағдарлама керек. Қаңтарда қысқарту қаупі туындап тұрса, қазірден бастап дайындалған жөн. Өйткені екі ай ғана қалды. Сондықтан бірге отырып осы мәселені жан-жақты талқылауымыз керек. Өңірлік штаб өкілдері де жұмыстануы тиіс. Бұл істен министрлік те қалыс қалмайды деді, - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Әрине кәсіпорын қалыптасқан жағдайдан өз күшімен шығуға тырысып бағуда. Мұнай-газ саласына қажет құрал-жабдықтар шығарып, жөндеуді жолға қойған. Бұл істе зауыттың кадрлық және технологиялық қауқары жеткілікті.
- Мемлекеттік тапсырысқа телмірмей, кәсіпорын ел нарығында өз бағын сынауда. Мәселен «Теңіз» кенішіне жақын келешекте 37 млрд. теңге инвестиция салынбақ. Ал аталған кеніште пайдаланатын технологиялық желілерді шағыруға Зенит зауытының мүмкіндігі мол. Біз осы бағытта жұмыстанып жатырмыз деді, - БҚО әкімі Алтай Көлгінов.
«Жайықмұнай» серіктестігінің мердігер кәсіпорындарында қазір екі мың жарым адам жұмыс істейді. Негізгі өндірістік кешендер құрылысы аяқталған соң, мыңға жуық жұмысшының қысқаруы ықтимал.
- Ендігі біздің міндетіміз, Энергетика министрлігімен аталған адамдарды жұмысқа орналастыру немесе кәсіби қайта оқыту. Әрине құрылысшыларды қысқарту мәселесі еліміз бойынша өзекті. Сондықтан да қазір осы топтағы жұмысшыларға көңіл бөліп отырмыз. Бұл бағытта шараларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы іске асыру керек дейді, - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Қазір жаппай қысқартылған жұмысшыларға көмектесу мақсатында «Қызметкерлердің ағынын басқару жөніндегі Жол картасы» әзірленген. Ол бойынша кәсіпорынға бірлесе инвестиция тарту, босап қалған мамандарды қайта даярлау және басқа жұмысқа орналастыру қарастырылған. Осы тармақтар белгіленген келісімге үш тарап, яғни облыс әкімідігі, еңбек министрлігі және кәсіпорын басшылығы қол қояды. Мұндай талаптар еңбек ұжымы 500 адамнан асатын кәсіпорындарға қатысты. Ал өңірде мұндай 17 компания бар. Оның 9-ы келісімге қол қойып отыр.
Арман КУРМАНАЛИЕВ