Орал қаласының Ульяна Громов көшесі, 2/1 мекен-жайындағы апатты жағдайға түскен бұрынғы жатақхана тұрғындары былтыр да қыста жылыту маусымына дер кезінде дайын болмау салдарынан опық жеген.

-Биыл да сол жағдай қайталануы бек мүмкін, - дейді тұрғындар.
-Үйіміз жылуға қосылуға дайын емес. Тұрғындар ақша жинамайды. Тағы да салқын жерде қалатын болдық, - дейді үй тұрғыны Еламан Ержанов.
- Біздің жағдайымыз нашар. Жыл сайын осы жағдай қайталанады. Тұрғындар пәтерлерін тастап кеткен. Көбінде пәтерді жалға алушылар тұрады,- деп қапаланып, арызын жеткізді, - дейді үй тұрғыны Сағынтай Исмагулов.
Күн суытқанда шұрқ-тесік жатақханада дірдек қаққан тұрғындардың қашан жылуға қосыларын және бұл процесті жеделдету үшін қандай шара қолданыларын білмек болып тұрғын үй коммуналдық шаруашығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне барған болатынбыз. Аталмыш бөлім басшысының орынбасары Миржан Нұртазиевтің айтуынша, аталмыш жатақхана тұрғындарымен жиналыстар өткізілуде. Жақын күндері үйдің жылыту маусымына дайындығы жөніндегі төлқұжаты дайын болатын көрінеді. Сол себепті үрейленудің қажеті жоқ деп сендірді мамандар. Дегенмен 2 шақырым 24 және Құрманғазы, 111 мекен-жайындағы тұрғын үйлер жылыту маусымына мүлдем дайын емес болып шықты.
-Осындай үйлер коммуналдық кәсіпорындар жұмысын қиындатып отыр. Тұрғындардың жауапркершіліктен ада болып, уақытылы әрекет етпеуі мекеме қызметкерлеріне ауыр салмақ түсіруде. Қазіргі күні қалада 458 тұрғын үй жылуға қосылып үлгерді.. Оның ішінде 71 әлеуметтік нысан, 44 балабақша, 30 оқу орны мен 4 нысан жылуға қосылды,- дейді "Жайық жылу қуат" акционерлік қоғамының техникалық директоры.
Айта кетейік, биыл жылыту маусымы жылдағыдан әлдеқайда ерте басталып отыр. Былтырғы жылы 12-қазанда басталса, биыл 29-қыркүйектен бастап үйлерге жылу қосыла бастады. Облыс орталығындағы 1175 үйдің қалған 700-ден астамына алдағы 2-3 күнде толық жылу жүргізілетін болады. Бірінші кезекте маусымдық науқанға алғашқы болып 100 пайыз дайын болған тұрғын үйлермен жұмыс жасалуда.
Арман КУРМАНАЛИЕВ