Жаңа жүйе бойынша жолақы төлемін қабылдауға 2019-жылдың соңына дейін толықтай көшу жоспарланып отыр.

Осыған дейін аталмыш жүйе №5, 7, 39 жəне 20 нөмірлі бағыттағы маршруттарда пайда болған еді. 2018-жылдың тамыз айынан бастап көліктік карталар қолданысқа еніп, жолаушы қолма-қол төлемнен бөлек, электронды түрде төлем жасау мүмкіндігіне ие болған-тұғын. Енді тағы 4 қоғамдық көлік электронды төлем қабылдауға дайындалып жатыр. Олар № 3, 35, 51 маршруттар. Бұл жөнінде Орал қалалық жолаушы көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімі хабарлады. Қазіргі күнге дейін осы электронды төлем карталарымен 50 мыңнан аса транзакция жасалып үлгеріліпті.
-"6 мыңнан астам карта шығарып, үлестірілді. Жаңа жүйе көпшілік арасында қолданысқа ие. Əрине, құп көрмейтіндер де бар. Мəселен, егде жастағы азаматтар. Біз қолма-қол төлемді де қалдырып отырмыз. Жолаушы жолақыны қалай төлесе де өз еркі. Ешқандай шектеу қоймаймыз",-дейді Орал қалалық жолаушы көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошев.
Электронды жолақы төлемі қоғамдық көліктен түсетін табысты нақты есептеуге мүмкіндік береді дейді билік өкілдері. Яғни жолаушы тасымалдаушылар күніне қанша адам тасып, қанша ақша түсіріп отырғанын анықтап, тиісінше сараптама жасауға көмегі зор. Яғни күнделікті түскен сома орта жолдан көлеңкелі жолмен басқа қызметкердің қалтасына түспейді. Жолаушылар үшін де тиімді тұсы баршылық.
-"Бұл жақсы жүйе. Қалтаңда ақшаң болмай қалса, ұсақ тиын жоқ болса, ірі ақшаға кондуктор қайтаратын ақша таппаса, электронды төлем өте ыңғайлы. Оның үстіне əр төлем жасағаның үшін бонус жиналады. Адамдар үйреніп кетеді деп ойлаймын. Жаңа нəрсе болғасын түсінбейтіндердің болуы заңды шығар. Студенттер үшін бір рет карта сатып алған тиімді",- дейді картаны қолданушы Айзада Жұмалиева.
Айта кетейік, осы жүйе енгізілген ірі қалаларда тасымалдаушы кəсіпорындар нарығында қаражат айналымы екі есеге артқаны аңғарылған. Сондықтан біздің шаһарымыз аталмыш тəжірибеге көшуге бет бұрып отыр. Электронды қызметке жастардың көңілдері толады.
Арман КУРМАНАЛИЕВ