Тексеріс шарасы «Мирлан» базарының жанынан басталды. Бұл жерде көбіне жеміс-жидектер мен көкөністер сатылады. Рейдке кәсіпкерлік бөлімі мамандары, қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің мамандары жұмылдырылды.

-«Белгіленбеген орында сауда жасағаны үшін ҚР ӘҚ туралы заңының 204 бабына сай 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлға тартылады. Қазір қалада жабайы базарлар көптеп жұмыс жасап жатыр. Біздің мақсатымыз-адам денсаулығына сапасыз азық-түлік пен тағамдық заттардан келетін зиянның алдын алу»,-дейді Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаев.
Сатушылар бұл жерде өздерінің күнделікті нанын тауып жүргендерін айтып ақталып, аяушылық білдіруді сұрады. Айтуларынша, базар іші мен сауда орындарында жалдық орын ақысы қымбат. Ал олардың қалтасы мұндай соманы көтермейді. Және сататын тауарлары мен өнімдерінің бағасы базар іші мен сауда орындарынан әлдеқайда төмен. Сол себепті өз тұтынушыларын қалыптастырып үлгірген.
Көтерме бағамен картоптың келісін сырттан- 100 теңгеге, қызыл бұрышты- 150 теңгеге, ал қиярды -60 теңгеден сатып алуға болады. Қысқы азықтарын қамдайтын үй бикелер осы тұстан көкөністер мен тосапқа арналған жемістерін таңдауды әдетке айналдырыпты. Сұраныстың бар болуы мен өнімнің өтімділігі жабайы базар сатушыларын нәпақасыз қалдырмайды. Сондықтан олар да үйреншікті орындарынан кеткісі жоқ.
«Сатушылардың базар ішіндегі жалдық ақы мен салық төлеп заңды түрде жұмыс жасап тұрған саудагерлерді табысынан қағып жатқаны алаңдатпайды. Олар өз істерінің дұрыстығын алға тартып, заң алдында жауап беруден де жалтарғысы келеді. Ал жалпы сауда орындарында тұрамын деушілерге орын жеткілікті көрінеді. Тек жабайы базар иелері жалдық ақыны артық шығын деп есептейді. Сондай-ақ көше бойында сатылатын өнім сапасына ешкімнің жауап бермейтіні, ешқандай тексерістен өтпейтіні сатып алушыларды да ойландырса»,- дейді мамандар.
Жабайы базарлардың айналасы үнемі лас, қоқыс қалдықтарына толы болады. Сондықтан рұқсатсыз кез-келген жерді сауда орнына айналдырғандарға жаза тағайындалып, айыппұлға тарту шарасы қала бойынша жүргізілетін тексерістер кезінде жалғасатын болады.
Арман КУРМАНАЛИЕВ