01 октября 2017

Орал қаласында жолдардың 30 пайызы жөндеу мен қайта салуды қажет етеді - Мұрат Мұқаев

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың тоғыз айында мемлекеттік бюджетке қала контингентінен 64418,4 миллион теңге табыс түскен, оның 16404,2 миллион теңгесі қалалық бюджетке тиесілі. Есептік кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 146,3 пайызға артқан (47648 миллион теңге). Сондай-ақ өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі, яғни нақты көлем индексі де молайған. Жыл басынан бері облыс орталығында қолға алынған жұмыстардың жай-күйін рет-ретімен баян еткен Мұрат Рахметұлы биылғы жылы шаһарымыздың үлкен құрылыс алаңына айналғанын атап өтті. Соның ішінде барлық қаражат көздерінен бөлінген 8,1 миллиард теңгеге 67 көшедегі 72 шақырым көлік жолын жөндеу қарастырылғанын, бүгінгі таңда 61 көшедегі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, алты көшені жөндеу жұмыстары келер жылдың еншісіне қалдырылғанын тілге тиек етті.  Жалпы, Орал қаласында тозығы жеткен 615,15 шақырым жолдың тең жартысында асфальт жабыны жоқ. Қалған 299,23 шақырым жолдың отыз пайызы жөндеу мен қайта салуды талап етеді. Жыл басында бұл көрсеткіш елу пайызды құраған, атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында 20 пайызға азайып отыр. -«Локомотив депосы аумағындағы көпір құрылысы кестеге сай жүруде. 59 металл ағаштан жасалған тіреуіш бағаналар құйылды. Қазір беларқа қаңқасын орнату және арматуралау жұмыстары жүргізілуде. Барлық қажетті материалдар, нақтырақ айтсақ, 130 дана бөрене жеткізілді. Құрылыс нысанында алпысқа жуық адам жұмыс істеуде. Көпір құрылысын келер жылдың жазында толық аяқтау көзделіп отыр», - деді Мұрат Рахметұлы. Көпір жұмысы аяқталған соң қала ішіндегі кептелістер мен басқа жолдарға түсетін салмақ сейіледі. Сапа мен мерзімді дер кезінде аяқтау ескеріліп, мамандарға оны қадағалауда ұстау тапсырылған. Сондықтан биыл жұмыстар жіті қадағалауға алынып отыр. Естеріңізге сала кетсек, биыл Батыс-Қазақстан обласының жолдарын жөндеуге тоғыз миллиард тенгеге жуық қаржы бөлінді. Тек Орал қаласы бойынша 70 шақырым автомобильдік жолдар жөнделді.   Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp