БҚО-да қоғамдық орында ішімдік ішіп, полицияға ұсталған мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылды

Әдеп жөніндегі кеңесте Теректі мен Бәйтерек ауданында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің тәртіп ісі қаралды.

БҚО-да қоғамдық орында ішімдік ішіп, полицияға ұсталған мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылды
Автордың фотосы

Оралда әдеп жөніндегі кеңес өтті. Жиында Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитов пен Бәйтерек ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Али Темирбаевтың тәртіптік ісі қаралды.

Жиында Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитовтың ісі тыңдалды. Атқамінер биыл қыркүйекте қызметтік көлік нысаналы бағытта пайдаланбай, Қазталов ауданына барған. Ол сол сапарда жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлын төлеген. Дархан Ережепұлы қыркүйекте ағасының дүниеден озып, Казталовкіге қаралы жиынға барғанын айтты. Өзінің келісіп қойған көлігі, ауылға бара алмай, шарасыздықтан осындай қадамға барғанын да жасырмады.

— Өзімнің түсініктемемде баяндап өткендей, төртінші қыркүйекте Казталов ауданы, Қошанкөл ауылында ағамның дүниеден өтуіне байланысты, алтыншы қыркүйек күні түнде келіскен машинам түнгі екі жарымда апара алмайтынын айтып, таксилерге звондап, бара алмағаныма байланысты, мемлекеттік көлікті пайдаландым. Аудан әкімі Алия Биғазықызы еңбек демалысында болды. Мен міндетін атқарушы болдым. Ағамның жерлеу күні сенбіге келді. Жұма күні жұмысымды аяқтап, сол түні таңда ауылымда болып, түскі сағат үште жұмысымда Теректі ауданында болдым. Сіздердің алдарыңызға осындай мәселемен келіп тұрғаным үшін кешірім сұраймын. Келесіде қайталанбайды,—  деді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитов.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт қызмет етеді. Ол биыл ақпанда ғана тәртіптік жазаға тартылып, жазаның мерзімі мамыр айында аяқталыпты.  

Ағасының қазасына барған әкім орынбасарының мәселесін кеңес мүшелері біраз талдады. Серік Кенжебекұлы мұндайда тіпті жазадан босату керектігін тілге тиек етті. Ол «қайғылы жағдайда ұшақ қолданса да, мен келісемін. Мұндай жағдайда адамгершілік таныту қажет», деген ойын ортаға салды.

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов алғашқыда Дархан Абрашитовке сөгіс түріндегі жаза қолдану керектігін ұсынды. Бірақ, талқылаулардан соң, ойын өзгертіп, ескерту түрінде жаза беру мен тәртіптік жауапкершіліктен босату шешімін дауысқа салды. Көпшілік дауыспен әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері Теректі ауданы әкіміне қарамағындағы орынбасарына ескерту түрінде жазаны қолдану туралы ұсыным жолдады.

Ішкі саясат бөлімінің басшысы Орал қаласында алкоголь ішкен күйінде тәртіп сақшыларына ұсталған. Оқиға 2025 жылдың 25 шілдесінде түнгі сағат екілер шамасында тіркелген. Қолында сырасымен ұсталған шенеунік айыппұл арқалап, толтырылған хаттамамен келісіп, айыбын толық төлеген. Жиында мемлекеттік қызметкер биыл тәртіптік жазаға тартылмағаны анықталды. Бәйтерек ауданының әкімдігі Али Темирбаевқа жақсы мінездеме берген. Шенеунік оқиғаның такси күтіп тұрған кезде болғанын айтты. Ол шақырған таксиден бұрын, полиция қызметкерлерінің келгенін атап өтті.  

— Осыдан төрт-бес ай бұрын осындай жағдай тіркелді. Бір жерге қонаққа барғам, сосын шығып, Зенит жақта «Гастроном» дүкен бар. Білетін шығарсыздар. Соның жанында такси күтіп тұрғанбыз. Такси келгенше, алдымда ГАИ (патрульдік полиция—ред.автор) машинасы келіп, «тексеріс жүргіземіз. Қоғамдық орында жүрсің сен, сыра ішкенсің анау-мынау», деп айтты. Алдағы уақытта бұл жағдайды ескеремін. Өзіме сабақ болды. Қайталамауға, мұндай жағдайға бармауға тырысамын деп сөз беремін,—  деді Бәйтерек ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Али Темирбаев.  

Кеңес мүшелері тәртіптік істі біраз талқылады. Кеңес мүшесі Серік Сүлеймен мұндай жағдайда сөгіс беру керектігін айтып, осы жаза түрін ұсынды. Көпшілікпен дауыспен Бәйтерек ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысына ескерту түрінде тәртіптік жаза берілді.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp